Теміртау металлургтері озық диагностика жүйелерін енгізді

ТЕМІРТАУ. KAZINFORM — Өнеркәсіп саласы ақауларды кейін жою емес, алдын ала болжауға негізделген жаңа кезеңге қадам басты. Теміртауда металлургтер бұған дейін адам көзі байқамайтын құбылыстарды — жабдықтардың микрожылжуларына дейін көре бастады. 

Теміртау металлургтері озық диагностика жүйелерін енгізді
Фото: Qarmet

Теміртау металлургиялық комбинатында технологиялық жаңғыртудың жаңа кезеңі басталды: Qarmet компаниясы жабдықтарды мониторингтеу мен диагностикалауға арналған заманауи шешімдерді енгізді.

Атап айтқанда, Intellinova Parallel EN үздіксіз бақылау жүйесі және RDI Technologies компаниясының Iris M өнеркәсіптік бейнеаналитика платформасы іске қосылды.

Бұл технологиялар қазірдің өзінде пайдалануға беріліп, өндірісті жүйелі жаңғырту мен цифрландырудың бір бөлігіне айналды.

Теміртау металлургтері озық диагностика жүйелерін енгізді
Фото: Qarmet

Intellinova Parallel EN жабдықтардың жағдайын тәулік бойы бақылауды қамтамасыз етеді. Жүйе нақты уақыт режимінде негізгі параметрлер — діріл, соққы импульстары мен айналу жиілігі бойынша ең ұсақ ауытқуларды тіркейді.

Сонымен қатар ол бір мезетте бірнеше тораптың жұмысын, соның ішінде күрделі көпжетекті механизмдерді бақылауға мүмкіндік береді. Үздіксіз циклмен жұмыс істейтін және агрегаттарға түсетін жүктемесі жоғары металлургия саласы үшін бұл — айрықша маңызды артықшылық, өйткені кез келген ақау елеулі шығынға әкелуі мүмкін.

Теміртау металлургтері озық диагностика жүйелерін енгізді
Фото: Qarmet

Классикалық диагностиканы Iris M платформасы толықтырады, ол визуалды аналитикаға басымдық береді. Motion Amplification технологиясы секундына 1300 кадрға дейінгі жиілікпен микрожылжуларды тіркеуге мүмкіндік береді — мұндай өзгерістерді қарапайым көзбен байқау мүмкін емес. Камера іс жүзінде жоғары дәлдіктегі сенсор қызметін атқарып, ең ұсақ өзгерістерді анықтап, оларды көрнекі бейнеге айналдырады. Мұндай формат деректерді түсіндіруді айтарлықтай жеңілдетіп, диагностиканы түрлі деңгейдегі мамандар үшін қолжетімді етеді.

Теміртау металлургтері озық диагностика жүйелерін енгізді
Фото: Qarmet

— Өнеркәсіпті дамыту қорымен ынтымақтастық аясында 2026 жылдың наурыз айында Qarmet металлургиялық комбинатында заманауи диагностикалық жабдық — Intellinova Parallel EN жүйесі мен RDI Technologies компаниясының Iris M платформасы пайдалануға берілді. Бұған дейін жоғары дәлдіктегі диагностика жүргізу үшін сыртқы ұйымдар тартылатын, ал қазір компания өндірістік процестерді тоқтатпай-ақ жабдықтың жағдайын кешенді бағалауға мүмкіндік беретін өз құзыретіне ие. Аталған шешімдерді енгізу агрегаттарды нақты уақыт режимінде егжей-тегжейлі диагностикалауға мүмкіндік беріп, ауытқуларды анықтаудың жеделдігі мен дәлдігін арттырады, — деп атап өтті Qarmet компаниясының техникалық диагностика және жабдықтардың сенімділігі бөлімінің бастығы Сергей Кван.

Бейнеаналитиканы қолдану диагностика дәлдігін арттырып қана қоймай, шешім қабылдау үдерісін де жеделдетеді. Деректердің көрнекілігі инженерлерден бастап жедел персоналға дейінгі мамандар арасындағы байланысты жеңілдетіп, қателік пен түсінбеушілік тәуекелін азайтады.

Жалпы алғанда, енгізілген шешімдер жабдықтардың жағдайын бақылаудың кешенді тәсілін қалыптастырады: дәл аспаптық өлшемдерден бастап визуалды талдауға дейін. Мұндай технологиялық синергия туындаған ауытқуларға жедел әрекет етуге ғана емес, өндірісті басқарудың толыққанды болжамдық моделін құруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жоспардан тыс тоқтап қалу тәуекелдерін төмендетіп, пайдалану шығындарын оңтайландыруға жол ашады.

Qarmet компаниясында атап өткендей, мұндай жүйелерді енгізу өндірістік процестердің сенімділігі, қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі. Егер бұрын диагностика көбіне туындаған мәселені шешумен шектелсе, енді ол барған сайын алдын ала басқарудың маңызды құралына айналып келеді.

Соңғы жаңалықтар