Теміртауда 3,8 шақырым жылу желісі жаңғыртылып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM - Теміртауда ГРЭС-1, ЖЭО-2 және жылу желілерінің қысқа дайындығы тексерілді.

жылу желісі
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ернар Хасенов Теміртауда энергетикалық инфрақұрылымның негізгі нысандарындағы жөндеу жұмыстарының барысымен және қаланың 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге дайындығын тексерді. Теміртау қаласындағы ГРЭС-1-де №10 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. 

Жоспарланған жұмыстар аяқталғаннан кейін станция жылыту маусымын үш қазандық және екі турбина құрамында бастау жоспарлануда. «Qarmet» АҚ-ның ЖЭО-2 станциясында №2 қазандық агрегатына күрделі жөндеу, ал №1 қазандық агрегатына кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізілуде. 

Жөндеу науқанының қорытындысы бойынша станцияның жылыту маусымын алты қазандық және төрт турбина құрамында өткізуге дайындығын қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Теміртау қаласының жылу желілерін дайындауға да ерекше назар аударылды. Кәсіпорын басшылығы «Қарағанды облысы, Теміртау қаласы, Мичурин көшесіндегі ВК «Мука-Сахар» (Қарағанды көшесі) нысанынан ТП-34-ке дейінгі ТМ №3 жылу желілерін реконструкциялау» жобасының іске асырылуы туралы ақпарат берді. Биыл жоба аясында 3,8 шақырым жылу желісін жаңғырту көзделген. 

Бүгінде құбырдың шамамен 3 шақырымының монтажы аяқталды, қалған ұзындығы шамамен 800 метр учаскеде жұмыс жалғасып жатыр. Жобаны іске асыру тұтынушыларды жылумен қамту сенімділігін арттыруға, жылу шығынын азайтуға және қысқы кезеңдегі ең жоғары жүктемелер кезінде жылу инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Инспекция қорытындысы бойынша Ернар Хасенов барлық жоспарланған жөндеу жұмысын белгіленген мерзімде және орындалатын жұмыстардың сапасына қойылатын талаптарды сақтай отырып аяқтауды тапсырды. 

Негізгі және қосалқы жабдықтардың техникалық жағдайына, сондай-ақ жылу желілерінің қысқы кезеңдегі ең жоғары жүктемелерді өткеруге дайындығына ерекше назар аудару ұсынылды.

Айта кетелік Қазақстан жылу маусымына қаншалықты дайын екендігі туралы жазған едік