Теміртауда мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсетпеген көмекшілер 5 млн теңгеден астам ақша алған

АСТАНА. KAZINFORM — Теміртауда мүгедектігі бар адамдардың жеке көмекшілеріне іс жүзінде көрсетілмеген қызметтер үшін бюджеттен 5 млн теңгеден астам қаражат төленген. Заңсыз төлемдерді прокуратура анықтады.

мүгедектігі бар адам
Фото: pexels

Теміртау прокуратурасы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманың сақталуына жүргізілген талдау барысында бюджет қаражатын негізсіз жұмсау фактілерін анықтады.

Атап айтқанда, жеке көмекшілер нақты көрсетілмеген қызметтер үшін ақы алған. Сондай-ақ Қазақстаннан тыс жерде жүрген кезеңдеріне қызмет көрсету актілерін рәсімдеп, еңбек заңнамасын бұзған жағдайлар тіркелді.

Талдау нәтижесінде мүгедектігі бар адамдардың туыстары болып табылатын жеке көмекшілерге формальды түрде рәсімделген актілер негізінде 5 млн теңгеден астам қаражат негізсіз есептелгені белгілі болды.

— Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 163-бабының 2-тармағына сәйкес, жеке көмекші бірінші топтағы, жүріп-тұруы қиын мүгедектігі бар адамдарға күніне сегіз сағаттан аспайтын уақыт қызмет көрсетеді. Төлем нақты көрсетілген қызмет уақытына ғана жүргізілуге тиіс. Мысалы, жеке көмекшілердің бірі 2026 жылғы сәуірде жалпы ұзақтығы 240 сағат болатын қызмет көрсету актісін ұсынған. Алайда тексеру барысында оның 16-24 сәуір аралығында Түркияның Ыстанбұл қаласында болғаны анықталды. Осы кезеңде ол мүгедектігі бар адамға іс жүзінде қызмет көрсетпеген, бірақ бұл уақыт төлемге ұсынылған актіге енгізілген, — деп хабарлады прокуратура.

Ведомствоның мәліметінше, осындай заң бұзушылықтар басқа жағдайларда да анықталған.

Прокуратураның қадағалау шараларынан кейін заңдылықты қалпына келтіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Жеке көмекші болған туыстары негізсіз алған ақшаны мемлекетке ерікті түрде қайтарды.

Прокуратура нақты көрсетілмеген қызметтер үшін төлем алу және қызмет көрсету актілерін формальды түрде рәсімдеу заң талаптарына қайшы екенін ескертті. Мұндай әрекеттер заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғуы мүмкін.