Теміртауда жылу желісінде тағы апат болды
ТЕМІРТАУ. KAZINFORM - Коммуналдық апат Теміртаудың 7-шағынауданы тұрғындарын жылу мен ыстық сусыз қалдырды. Қалпына келтіру жұмыстарына жөндеу қызметтері кіріскенімен, қызметтердің толық қашан қалпына келтірілетіні әзірге нақтыланған жоқ.
Теміртау қаласы әкімдігінің мәліметінше, 7-шағынауданда диаметрі 150 мм болатын жылу желісінде тағы жарылыс болған. Апатқа байланысты бірқатар көпқабатты тұрғын үйлерде, сондай-ақ әлеуметтік және коммерциялық маңызы бар нысандарда жылыту мен ыстық су беру уақытша тоқтатылды.
Ажырату аймағына «Гүлдер» балабақшасы, №27 орта мектеп, сондай-ақ «Кооператор», «Гвоздика», «Биосфера», «Бейбіт» және «Мясной» нысандары кірді. Бұдан бөлек, аталған жылу желісінен жылу алатын тағы алты көпқабатты тұрғын үйде де жылумен қамтуда іркіліс байқалып отыр.
Қалалық әкімдікте хабарлағандай, жөндеу бригадасы қалпына келтіру жұмыстарына кірісті. Жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі мен ыстық су мен жылудың толық берілуі туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланатын болады.
Бұл — соңғы екі апта ішінде Теміртаудың жылу желілерінде тіркелген үшінші апат. Еске салайық, 13 қаңтар күні осы учаскеде алғашқы жарылыс болып, шамамен 40 көпқабатты тұрғын үй, екі әлеуметтік нысан, сондай-ақ Отрадный шағынауданы мен сегізінші шағынаудандағы жекеменшік сектор тұтынушылары жылусыз қалған еді.
Жағдайды Қарағанды облысындағы қатты аяз одан әрі ушықтырды. Жөндеу жұмыстары тек 14 қаңтар күні түстен кейін ғана аяқталды.
Ал 19 қаңтарда Теміртауда магистральдық құбыр қайта жарылып, ондаған үй жылусыз қалды.