Теміржол контейнерлерінен 212 млн теңгенің жүгін ұрлаған топ ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM — Көліктегі полиция департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері Бас көлік прокуратурасының үйлестіруімен жүргізген ауқымды әрі жүйелі жұмысының нәтижесінде теміржол құрамдарының контейнерлерінен жүк ұрлаумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленіп, тоқтатылды.
— 2025 жылғы сәуір айында көлік полицейлері Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындарынан құралған алты адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады. Тергеу барысында олардың 2024 жылғы тамыздан 2025 жылғы сәуірге дейін «ҚХР-Еуропа» халықаралық бағытымен қатынаған пойыздардың контейнерлерінен жүктерді жүйелі түрде ұрлап келгендері анықталды, — делінген Көліктегі полиция департаменті хабарламасында.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында аталған топтың төрт ұрлық дерегіне қатысы бар екені дәлелденді. Ұрланған заттардың ішінде бейнебақылау камералары, балалар арбалары және көлік бөлшектері болған. Жүк иелеріне келтірілген жалпы шығын 212 миллион теңгеден асты.
Қылмыстық топтың барлық мүшесінің кінәсі толық дәлелденіп, келтірілген материалдық залал толық көлемде өтелді.
Сот шешімімен олардың әрқайсысына 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Айта кетелік фармацевтика саласындағы қылмыстық схемаға қатысы бар лауазымды тұлғалар қамауға алынған еді.