Теміржол саласында қандай өзгерістер керек

вагон
Фото: Kazinform

Биыл Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтауды тапсырды. Атап айтқанда, кейінгі жылдары теміржол тасымалының әлеуметтік-экономикалық маңызы мен транзиттік әлеуетін ескере келгенде, ҚТЖ түбегейлі реформаларды қажет ететіні жиі айтылып жүр.

Қазір бизнес үшін үлкен кедергілер теміржол көлігімен тасымалдау саласында байқалып отыр. Бұл, ең алдымен, инфрақұрылымның тозуы, сондай-ақ жүк вагондарымен қамтамасыз етуде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің болуымен байланысты.

«Сонымен қатар, ҚТЖ саясатына қатысты біраз сұрақ бар және осы жайында Парламент депутаттары әлденеше рет айтқан еді. Бизнестің уәжіне тоқталсақ, жүк тасымалдауда тепе-теңдік қағидаты сақталмай отыр. Ұлттық тасымалдаушы көбіне транзиттік тасымалдауға екпін қойған, өйткені бұл бағыттағы тариф 2,5 есе жоғары. Мұндай басымдық басқа салаларға – экспортқа, импортқа, ішкі салаларға зиянын тигізеді және соның салдарынан жүктің тоқтап қалуына, жеткізу мерзімінің кешігуіне әрі қаржылық шығындарға әкеледі. Сондықтан қалыптасқан жағдайды Мемлекет басшысы тапсырмасы аясында шешуге болады. Президент «Қазақстан темір жолын» толыққанды көлік-логистика компаниясы етіп қайта құру жұмысын жуық арада аяқтау қажет екенін тапсырған болатын», - дейді сенатор Ләззат Рысбекова. 

Биыл қараша айында Көлік министрі Марат Қарабаев «Қазақстан темір жолының» қызметтеріне бекітілген тариф бағасы көршілес елдерден айтарлықтай төмен екенін айтқан еді

«ҚТЖ қызметтеріне жүргізілетін тарифтік саясат тиісті көлемдегі қаражатты табуға мүмкіндік бермейді. Ұлттық оператор қызметтеріне бекітілген тарифтік бағамдар көршілес елдер ішіндегі ең төменгі деңгейде. Көптеген жүк түрлері өз бағасынан төмен тарифтермен тасымалданып жатыр. Биылғы 10 айда мұндай тасымалдар жалпы тасымалдың 88% құрады», - деді М. Қарабаев.

Осыған байланысты, теміржол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жобаларды уақтылы іске асыру үшін ел экономикасының мүддесін ескере отырып, тарифтік саясат әрі қарай жетілдірілетін болады.

«Бұл ретте, ең алдымен шикізаттық тауарларды экспорттауға арналған тарифтік саясатты жетілдіруді жөн деп санаймыз. Ол өз кезегінде кәсіпорындарды шикізатты ел аумағында терең өңдеуге ынталандырады», - деді министр.

Бірқатар қызметті бәсекелес ортадан ұлттық компанияға қайтару керек

Депутаттар жекешелендірілген жүк тиеу орындарын, багаж бөлімшелерін «Қазақстан темір жолы» АҚ меншігіне қайтару қажет екенін айтып жүр. Бұл пікірді танымал қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов те қолдап, ҚТЖ-ға тиесілі құрылымдарды қайтару керек екенін айтты.

«Атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» компаниясы толықтай аудиттен өтуі керек. Ең бастысы, қазір осы компания не себепті қарызға белшесінен батқанын зерделеу маңызды. Сонымен қатар, осы салаға қатысты қазір бір лоббиді байқап жүрмін. Бұл адамдар барша теміржолды жекеменшікке берейік дегенді алға тартып отыр. Яғни, «ҚТЖ» құрамында қоймаларды қалдыруды ұсынып жатыр. Ал барша жылжымалы құрам - локомотивтер, вагондар жекешелендіруі тиіс деген ұсыныстар байқалды. Мұндай пікірі дұрыс емес деп санаймын. Әзірге, біз «ҚТЖ» қаншалықты табысты болатынын білмей отырмыз. Бұрындары осы компанияда жемқорлық тәуекелдері өте жоғары болды. Осы кемшіліктердің бәрін жою үшін компанияның тиімділігін арттыруға екпін қойған жөн», - деді Р. Рысмамбетов.

Оның пайымдауынша, алдағы 2-3 жыл бойы ҚТЖ-ның табысты жұмыс істеуіне жағдай жасау керек.

«Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында. Сондықтан теміржол жүк пен жолаушылар тасымалында ең тиімді көлік саналады. Егер осы тасымалдың барлығы жеке қолға өтіп кетсе, үлкен қателік жасалады. «ҚТЖ» стратегиялық маңыздағы компания ретінде мемлекетің бақылауында қалуы тиіс. 5 пайызын IPO-ға шығаруға болады, ал 20-25 пайыз деңгейіндегі ауқымды жекешелендіруге жол бермеу қажет», - деді сарапшы.

Оның сөзіне қарағанда, егер менеджмент бар күш-жігерін салса, онда осы компанияны табысты етуге мүмкіндік баршылық.

«Қазір «Қазақстан темір жолының» жүк тасымалында жеңілдік алып жүргендер өте көп. Олардың жүк тасымалына 20-30 пайызға дейін жеңілдік берілген. Бұл компанияның әлеуеті өте жағары екенін түсінуіміз керек. Кезінде оның құрамынан байланыспен қамтамасыз ететін кәсіпорынды, біраз қоймаларды және басқа да нысандар шығарылған еді. Қазір енді «ҚТЖ» құрамына байланыс, қоймалар мен өзге де маңызды нысандарды қайтарылуы тиіс, яғни тұтас қызмет көрсететін кешен жасақталғаны абзал. Ертеректе осы құрылымдар заңсыз жекешелендіріліп кеткен. Бұл нысандар қайтарылғанда ғана ҚТЖ-ны дамытуға мүмкіндік болады», - деді Расул Рысмамбетов.

Ал сенатор Закиржан Кузиев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының үстінен тексеру жүргізуді сұрады

«Өкінішке қарай, Үкімет пен ҚТЖ басшылығының бүкіл талпынысына қарамастан, теміржол холдингін тиімділігі жоғары ете алмадық. Оның үстіне кейінгі жылдары аталған салада бірқатар күрделі проблемалар қордаланып қалды. Бүкіл ел аумағында теміржол желісі жеткілікті деңгейде дамымай жатыр. Негізгі құралдардың тозу көрсеткіші, жолаушы тасымалдау құрамының тапшылығы, сервис сапасыздығы өсіп жатыр. Қазір «ҚТЖ» паркінде 2 228 вагон бар. Оның ішінде 776 вагонның немесе 35 пайызының пайдалану мерзімі 28 жылдан асып кеткен. Жолаушы вагондарының орташа тозу көрсеткіші – 53 пайыз, жүк вагондарында – 55 пайыз, ал локомотивтерде 67 пайыздан асып кеткен. Бұл проблема Қазақстан арқылы өтетін транзиттің тартымдылығын күрт нашарлатып, көршілес елдерді балама маршурттар іздеуге мәжбүр етіп отыр», - деп бастады ол сауалын.

Қазан айының басында сенаторларға Ұлттық экспедиторлар қауымдастығы шағымданған. Олар өз өтінішінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» компаниясы экспорт пен транзит тасымалының негізгі және қосымша жоспарларын мақұлдаудан бас тартқанын атап көрсетті. Ал «Кедентранссервис» АҚ және «KTZ Express» АҚ сияқты өз экспедирторларының жоспары кедергісіз іске асып жатыр.

Сенатор Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі де ҚТЖ-ның «өз» компанияларына бірқатар артықшылықтар беретінін анықтағанын еске салды.

«ҚТЖ қызметінің түрлеріне жасалған талдау нәтижесінде монополияға қарсы орган қызметтің 424 түрінің тек 81-ін, яғни 19 пайызы ғана келісілгені анықталды. Осылайша, ҚТЖ өз іс-әрекеттерімен экспорт тасымалының ондаған жылдар ішінде жолға қойылған технологиясын бұзып, бәсеке теңсіздігін қалыптастырып отыр. Оның магистраль желісіндегі қозғалысты жоспарлап, басқарудың тиімсіз екені айтылып жүр. Жыл басынан бері 400-ден астам тасымал құрамы жол ортасында қалған қалпы қаңтарылған. Жалпы, саладағы автоматтандыру деңгейі төмен. Ал негізі ҚТЖ-ның негізгі табыс көзі жүк тасымалынан түседі, яғни 86 пайыздан астам. Салдарынан теміржолымыз ішкі нарықта да, оның сыртында да бәсекеге қабілетсіз болып отыр», - деді Закиржан Кузиев.

Сенаторлар Көлік министрлігі мен «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға бірнеше рет депутаттық сауал жолдағанымен, мәселені шешуге ықыласы жоқ салғырт жауаптар келге көрінеді.

«Жүк жөнелтушілер мен бизнес субъектілерінің көптеген шағымдарын ескере отырып, сізден ҚТЖ қызметіне тексеру ұйымдастыруды, сондай-ақ Көлік министрлігінің басшылығын және бұрын жолданған депутаттық сауалдарға ауызша жауап беру үшін ҚТЖ басшылығын Сенатқа жіберуді сұраймыз», - деді депутат Сенат депутаты.

Соңғы жаңалықтар