Теміржолда жүк тасымалдау тарифтері қайта қарала ма
АСТАНА. KAZINFORM – Теміржол көлігімен жүк тасымалдау тарифтерін қайта қарастыру жоспарланған ба? Бұл сұраққа Көлік министрлігі жауап берді.

- 2022 жылғы 5 шілдедегі жаңа геосаяси жағдайларда Қазақстанның көлік-транзит әлеуетін дамыту мәселелері туралы кеңестің қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы ҚТЖ борыштық жүктемесін төмендету, оның ішінде тарифтік саясатты жетілдіру жолымен шаралар әзірлеуді тапсырды. Сонымен бірге, Қазақстан Президентінің 2024 жылғы 25 қыркүйектегі № 658 Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділ Қазақстан: Заң және тәртіп, экономикалық өсу, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 31-тармағында теміржол көлігінің реттелетін тариф қызметтерін 2024 -2026 жылдар аралығында 24% өсіру тапсырылған. Жоғарыда көрсетілген тапсырманың аясында 2024 жылы реттелетін тарифтер 24 пайызға көтерілді. Алдағы уақытта, яғни биыл және 2026 жылы осы бағытта жұмыстар жалғасады, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.
Еске салсақ, 2024 жылдың басында Көлік министрі Марат Қарабаев елімізде тасымалданатын жүктердің басым бөлігі өзін өзі ақтамайтынын мәлім етті.
Сондықтан теміржол көлігімен жүк тасымалдау тарифі сараланатыны айтылды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, теміржолмен жүк тасымалын арттыру бағытында 4 ірі жоба жасалып жатыр.