Теміржолмен жүк тасымалын арттыру: 4 ірі жоба жасалып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде жалпы ұзындығы 1,3 мың шақырымнан асатын 4 ірі теміржол жобасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің ресми сауалына Көлік министрлігі жолдаған жауапта айтылған.

Көлік министрі Марат Қарабаев өткен жылдың басында жүк тасымалдауға Қазақстан теміржолының қуаты жетпей жатқанын айтып еді. Ведомство бұл мәселені шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді.
— Мемлекет басшысының 2029 жылға дейінгі тапсырмасы шеңберінде магистральдық теміржолдардың үздіксіз тасымалын қамтамасыз ету және қуатын арттыру мақсатында 11 мың км теміржол учаскелеріне жөндеу жүргізіліп жатыр, оның ішінде бүгінгі таңда 2,8 мың км астам учаскелерге (26%) жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 1,3 мың км асатын төрт ірі теміржол жобасын (Достық-Мойынты екінші жолдары, Алматы стансасы, Дарбаза–Мақтаарал және Бақты-Аягөз айналма желісі) салу жұмыстары жалғасты. Осы жобаларды іске асыру Орталық Азия мен Қытайдың учаскелері мен бағыттарында тағы 20 млн тонна қосымша жүк өткізу қабілетін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, 2024 жылы теміржол арқылы жүк тасымалдау көлемі 303,2 млн тонна болды, бұл - 2023 жылмен (297,3 млн тонна) салыстырғанда 2%-ға немесе 5,9 млн тоннаға артық.
Оның ішінде республикаішілік тасымалдар – 172,2 млн тонна, экспорттық тасымалдар – 83,2 млн тонна, транзиттік тасымалдар – 27,4 млн тонна болған.
Айта кетейік, бұған дейін келешекте теміржол саласында 27 мың жұмыс орны пайда болатыны жайлы жазған едік.