Теміржолдағы апат: Кешіккен жолаушылар Атырауға автобуспен тасымалданып жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының маңындағы Теңдік стансасындағы теміржол апатының салдарын жою, жолаушылар және жүк тасымалын қалпына келтіру жалғасып жатыр. 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ
Фото: «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның баспасөз қызметінің мәліметінше, теміржолдағы апаттың салдарын жою үшін 2 қалпына келтіру пойызы мен 6 автокөлік жұмылдырылған.

– Қалпына келтіру жұмыстарына байланысты «Маңғышлақ-Атырау» және «Ақтөбе-Атырау» жолаушылар пойызы кешігіп келмек. Апат салдарын жою жұмыстары әлі де жалғасып жатыр, - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Ал, Атырау облысының әкімінің баспасөз хатшысы Руслан Жұмағазиевтің айтуынша, жолда тұрып қалған жолаушылар пойызының жолаушыларын Атырау қаласына автобуспен тасымалдауға шешім қабылданған. 

– Мақат ауданындағы Қарабатан стансасында тұрған «Маңғышлақ-Атырау» жолаушылар пойызының жолаушыларын Атырау қаласындағы теміржол вокзалына дейін автобуспен тасымалдау қолға алынды. Бұл үшін Атырау қаласы мен оған таяу орналасқан елді мекендергі жолаушылар тасымалдайтын компаниялар 10 автобус жіберілді. Автобустарды «Ақжайық-Автопарк» және «Атырау-Автопарк» ЖШС бөлді, - деп хабарлады Руслан Жұмағазиев. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында локомотив пен 11 вагон рельстен шығып кетіп, жұмысшылар зардап шеккенін жазған едік. 

Кейін пойыз жүк көлігімен соқтығысқан орынға 12 құтқарушы келгенін хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар