Теңге ай сайын ақырындап құнсызданса, одан қауіп бар ма?

АСТАНА. ҚазАқпарат - Банкте кезекте тұрғанмын. Менен кейінгі әжей кассир қыздан «доллар бар ма?» деп сұрады. «Жоқ» деп жауап қатты банк қызметкері. Күн кешкіріп қалған еді. Әжей бұрқан-талқан ашуланып, әлдекімге телефонмен бірнеше жерден доллар таппай келгенін, мұнда да жоқ екенін айтып жатты. Сол жерде кезек күткен тағы бірнеше адам кассирдің жауабын естіген соң жан-жаққа тарап кетті.
None
None

Жасы келген қариялардың өзі доллар іздеп шарқ ұрғанына қарағанда, жуырдағы Ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетовтың мәлімдемесін әркім өзінше түсінген сияқты. Ұлттық банк теңгенің долларға шаққандағы ауытқу шегін 1 доллар үшін 198 теңгеге дейін созды. Ол не деген сөз? Яғни, алдағы уақытта доллар бағамы тағы 10 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Алайда байбалам салуға негіз бар ма? Қаржы маманы, экономист Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, оған негіз жоқ.

«Ұлттық банктің бұл шешімі кенеттен сап ете қалатын девальвацияға жол бермейді. Бұнысы дұрыс. Банктің осы жоспары бойынша, теңгенің долларға шаққандағы бағамы айына 0,5-1 теңгеден азайып отырады. Тіпті, айына 1 теңгеден әлсірегеннің өзінде теңге бағамы бір жылда 5,9 %-ға ғана төмендейді. Бұл теңге депозиттерін доллар депозиттеріне қарағанда тиімді сақтауға мүмкіндік береді», - деді маман.

Демек, теңге күрт құнсызданып, халықты аласүргінге салатындай оқыс жағдай орын алмайды. Оны Қайрат Келімбетов те атап өтті.

«Соңғы жарты жылда доллар 2 теңгеден сәл ғана өсті, сондықтан жақын уақытта да өзгерістер күтіліп отырған жоқ. Демек, валютаның ауытқу шегін созу Қазақстанның қаржылық саясатына еш әсерін тигізбейді», - деді ол.

Керісінше, банктерге ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды қаржыландыру кезінде валюталық тәуекелдерді бағалауға оңтайлы жағдай жасалды.

Жалпы, валютаның ауытқу шегі режимі (валюталық дәліз) - мұнай бағасы мен дамушы елдердің валюталары құбылып тұрған тұрақсыз кезеңде ең оңтайлы режим. Сол арқылы еліміздің валютасы мен қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтап қалуға үлкен мүмкіндік туады. Мәселен, өткен жылдың екінші жартысында теңгенің бағамын бір қалыпты ұстап тұруға дәл осы валюталық дәліз режимінің көп көмегі тиді. Осылай болуы заңды да. Кейін барымыздан түгел айрылып қалмас үшін қазір аз-аздан жоғалту жеңіл тиері анық. Онсыз да бүкіл ел «қай күні девальвация кенеттен есік қағар екен» деген қорқынышпен отырған болатын. «Таяқтың екі ұшы бар». Девальвация деген сөзден қорқудың да қажеті жоқ. Экономикадан хабары бар адам ұлттық валютаның құнсыздануы - ұлттық өндірісті қорғау үшін жасалатын дағдарысқа қарсы шара екенін жақсы біледі. Сондай-ақ алдын ала жоспарланған девальвация халықты әлеуметтік қорғау мақсатында жасалады. Сондықтан теңге бағамын жасанды түрде, күштеп бір қалыпта сақтап отыруға болмайды. Бұл отандық өндірушілерге айтарлықтай кесірін тигізіп, олар жұмыс орындарын қысқартуға мәжбүр болады. Ел экономикасының өсуі баяулайды. Экспорттық өнімдерге деген қызығушылық кеміп, инвестиция көлемі де азаяды. Ал девальвация кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға сеп болады. Шағын және орта бизнестің күні туады. Бұл кезең жаңа кәсіпті бастауға зор мүмкіндік. Өйткені, өндіріс пен сауда-саттыққа кететін шығындар арзандайды.

Өздеріңізге белгілі, ұлттық валютаны сақтап тұру үшін елдің ортақ қазынасы - алтын-валюта қорынан қаржы жұмсалады. Бұның соңы әрине, жақсылыққа әкелмейді. Оның үстіне, аяқ астынан сап ете қалатын күрт девальвациядан аман екенімізді де ұмытпау керек. Қарияларға шейін доллар іздеп кетсе, ол мәселенің байыбына бармай өз бетінше сақтанудың бір жолы болар. Дегенмен, бекер аттандаудың қажеті шамалы. Жанат КАПАЛБАЕВА

Соңғы жаңалықтар