Теңге бағамының 400 теңгеге дейін нығаюы мүмкін бе – Сүлейменов пайымы

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов ұлттық валюта бағамының долларға қатысты 400 теңгеге дейін нығаю ықтималдығына қатысты пікір білдірді.

валюта
Коллаж: Kazinform / Freepik

- Бәрі де мүмкін. Дегенмен, шындыққа негізделген сценарийді қарастырған жөн және ол сценарийде 400 теңгені қарастырмаймыз. Бір доллар 400 теңге дейінде қалыптасатындай экономикада да, өнеркәсіпте де экспортты соншалықты арттырып, импортты соншалықты қысқарта алмайтын шығармыз. Сондықтан біздің болжамды сценариймізде 400 теңге деген жоспар жоқ, - деді Тимур Сүлейменов Ұлттық банкте өткен брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Ол ұлттық валютаның құбылмалылығы 5–7 пайыздан жоғары болмайтындығын айтады. Ұлттық банктің ресми деректеріне сәйкес, 6 наурыздағы жағдай бойынша доллар бағамы 493,36 теңге болды.

— Жалпы, бағамның кез келген бағытта күрт өзгеруін көріп отырған жоқпыз. Барлығы нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігіне байланысты қалыптасады. Күрт алыпсатарлық қозғалыстарды тоқтатамыз, қажет болған жағдайда интервенция қолданамыз, — деп атап өтті Тимур Сүлейменов.

Естеріңізге сала кетсек, Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п. т. дәлізімен жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

Дегенмен комитет базалық мөлшерлемені жылдың екінші жартысында төмендету мүмкіндігін қарастырмақ. 

 

Соңғы жаңалықтар
Референдум