16:48, 17 Ақпан 2009 | GMT +5
Теңге девальвациясы басымызға түскен төтенше жағдайдан, не болмаса, Қазақстанның кемшілігінен жасалған дүние емес ? К. Сағадиев
АСТАНА. Ақпанның 17-сі. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылымдарының докторы, профессор Кенжеғали Сағадиев ҚазАқпарат тілшісіне берген шағын сұхбатында еліміздегі қаржы тұрақтылығын сақтауға, теңге бағамын түсіруге байланысты ойларын ортаға салды.
? Кенжеғали Әбенұлы, әлемдік қаржы дағдарысы жағдайында біздің елдің қолға алып жатқан шараларына қандай баға берер едіңіз? ? Ұлттық валютаның долларға шаққандағы бағамының төмендеуі әр мемлекеттің басында болып жатқан жағдай. Мысалы, Ресейде рубль 13 айдың ішінде 48 пайызға арзандаған. Дамыған елдердің ең алдыңғы қатарында жүрген ағылшындарда 38 пайызға, Украинада 52 пайызға төмендеп кетті. Қытайда да төмендеп жатыр, Бразилияда да шамамен 25, 27, 30 пайызға дейін төмендеді. Сондықтан ол біздің басымызға келген бір төтенше жағдай, не болмаса, тек қана осы Қазақстанның бір кемшілігі, олқылығынан жасалған дүние емес. Бұл экономикадағы дағдарыс кезінде әрбір мемлекеттің алдынан шығып жатқан кедергілер. Соған қарсы елдер тұрақтылық шараларын жасауда. Сондықтан ақшаның құндылығын төмендетуді біз де қолға алдық. Өйткені бізден шығарылатын өндіріс тауарларының бәсекеге қабілеттігін көтеру керек еді. Міне, осы жағынан істеліп жатқан шаралар. ? Теңге бағамы неліктен үлкен өзгеріске бірден түсуінің себебін түсіндірсеңіз? ? Мұның әр түрлі себебі бар. Біреулері мұны бірден емес, сатылап ақшаның құндылығын төмендете бастады, кейбір елдерде солай болып жатыр. Мысалы, біз бірден төмендеттік. Енді біз неге бұрыннан бастамадық деген әңгіме келейік. Әрине, менің ойымша, ертерек бастау керек еді. Мүмкін, сол кезде қазіргідей күрт өзгеріске келмейтін бе едік?! Бір жағынан бұл дұрыс, мен осы жағын қолдаймын. Бірақ бір нәрсе есімізде болу керек. 2006 жылдан 2007 жылдың ортасына дейін әлем деңгейінде біздің теңгенің құны өсіп келе жатты. Кезінде бір доллар 156 теңге болды. Содан кейін біз 117 теңгеге дейін түсірдік, 40-50 теңге төмендеді, теңгенің құндылығы артты. Сондықтан, дәл сондай құндылығы артып келе жатқан кезде құнын төмендетуіміз орынды болмайтын еді. Мұны бірден шешуге болмайды, ол айтуға ғана жеңіл дүние. Сол себепті де осындай шешімге келген шығармыз. Қазір біздің теңгеміздің құндылығы тіпті жоғалып кеткен жоқ.
Сауда қатынасында Ресей біздің ең үлкен әріптесіміз ғой. Ресейдің валютасына қарағанда біздің теңгенің құндылығы 17 пайызға артық. Сондықтан экономикада тұрақтылық болады, тұрақтылықты біз қамтамасыз ете аламыз. ? Халықтың абыржуына негіз жоқ па? ? Халық өзін өте байсалды ұстауы керек. Біз «Нұр Отан» фракциясының кеңейтілген отырысында Үкіметке көптеген ұсыныстар жасадық. Мысалы, шағын және орта кәсіпкерліктегі несиенің пайызын төмендету мәселесін алға тарттық. Содан кейін өзінің жағдайын көтеріп алсын деген оймен шағын және орта кәсіпкерлікке жаңадан кіріскен кәсіпкерлерге екі-үш жылдың ішінде салық төлетпеу мәселесін қойдық. Бұдан Үкімет ештеңе жоғалтпайды. Егер олар екі-үш жыл салық төлемесе, бизнестің ауқымы кеңейеді, жұмыссыздықтың шектелуі мүмкін. Өйткені жаңа жұмыс орындары ашылады, адамдардың жұмысы сақталады. Халық та өзінің табысын тауып жатады. Міне, осындай шараларды қарастырамыз, деп Премьер-Министр жауап берді. Ал Ұлттық банктің басшысы Григорий Марченко: «Біз елдегі тұрақтылықты және теңгенің тұрақтылығын сақтаймыз», - деді. ? Үкіметтің республикалық бюджетті қайта қарастыруына байланысты не айтасыз? ? Біз бюджетті қашан қабылдадық? Әрине, табысымыз мол кезінде қабылдадық. Бюджетке көптеген жобаларды енгізіп, құрылыс саламыз, кәсіпорындар мен жолдарды саламыз дедік. Бюджет саласының ақшасын көбейтуді қарастырдық, зейнеткерлерге қолдау көрсетуді, шәкіртақыны көбейтуді ойластырдық. Жалпы, әлеуметтік қамқорлықты бірінші кезекке қойдық. Көптеген мәселелер қамтылды. Ал енді одан кейін жағдай мүлдем өзгеріп кетті. Өзіңіз білесіз, мұнай бағасы, металлдың бағасы төмендеп кетті. Сондықтан, біздің табысымыз бұрынғы біз ойлаған мөлшерде болмайтын болды. Қазақта «көрпеңе қарай көсіл» деген сөз бар ғой, қазіргі өзіміздің табысымызға байланысты ел бюджетін қайтадан қарау қажеттігі туды. Бюджетті қайтадан қарағанда, оның негізгі көрсеткіштері қалай сақталмақ? Яғни, әлеуметтік салаға бөлінген қаржының бір тиынына тиіспеу керек. Президенттің Жолдауында көрсетілген, Үкіметтің берген уәделерінің барлығы түгелімен орындалуы тиіс. Әлеуметтік салада салынып жатқан және салына бастаған құрылыстың барлығы бітуі керек, жалғасуы керек. Ал салынбаған жаңа құрылыстардың ішінен қайсысын бастаймыз, қайсысы маңызды, қайсысын қаржымыздың, қалтамыздың мүмкіндігіне қарай кейінге шегеретінімізді ойласуымыз керек. Міне, жақын арада осындай тәртіппен республикалық бюджет қайтадан қаралады. ? Рақмет әңгімеңізге.