12:21, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Теңге девальвациясы жағдайында жалпы ішкі өнімнің ағымдағы дефициті 4,6 пайызды құрады ? Ұлттық банк төрағасы
АСТАНА. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Теңге девальвациясы жағдайында жалпы ішкі өнімнің ағымдағы дефициті 4,6 пайызды құрады.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр-Отан» ХДП фракциясының отырысында Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Доллар бағамын 150 теңгеге дейін девальвациялау төлем балансының ағымдағы шотының әлеуетті тапшылығын екі есеге дейін төмендетеді. Яғни, жалпы ішкі өнімнің ағымдағы жылғы тапшылығы 4,6 пайызды құрайды деген сөз. Егер доллар бағамы бұрынғы 120 теңге көлемінде тұрса, бұл көрсеткіш 8,5 пайыз болар еді. Ал ағымдағы төлем балансының шотын жақсарту тауарлар импортын қысқартуға, оның ішінде ең алдымен аралық тұтынуға бағытталған тауарларды қысқарту есебінен жүргізіледі», деді Г. Марченко.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, теңгені девальвациялау болжанған тікелей шетел инвестициясы ауқымын қамтамасыз етуге септігін тигізіп, жаңа инфрақұрылымдық жобаларды қайта қаржыландыруға жағдай жасайды.
«Дегенменде, барлық қаржы операциялары доллар валютасымен жүргізілетіндіктен, девальвация мәселесі қаржы шоттарындағы күтілетін сальдоға айтарлықтай әсер етпейді. Қорытындысында жалпы төлем балансының тапшылығы жалпы ішкі өнімге 1,5 пайызға төмендейді», деді Г. Марченко.