Теңге девальвациясындағы тәуекел - экономиканы құтқаруға бағытталып отыр

АСТАНА. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Әлемдік экономистер бүкіл дүниені шарпыған қаржы дағдарысынан құтылудың жолы ретінде нақты істі көлденең тартпаса да негізгі екі мәселеге баса назар аудару туралы ақыл-кеңестерін айта бастады.
None
None
Осы екі мәселенің қай-қайсысы да Қазақстан экономикасына, елдегі қаржы дағдарысын жеңілдетуге тікелей қатысы бар деп айтуға болады. Оның біріншісі, банктік-қаржылық жүйені қайта құрылымдауға назар аудару, қажет болса, мемлекеттік қолдауды аямау. Екіншісі, Қазақстан секілді экспортының басым бөлігін құрайтын мұнайдың бүгінгі бағасына мойынсыну, яғни қалай болғанда да «қара алтынға» әлемдік бағаның көтерілуінен үміттенбей, ішкі нарықты қорғауға көшу. Аталған екі мәселе де бірінен кейін бірі жүзеге асуы тиіс ұзақ мерзімді шаралар. Өйткені мұнайдың бұғауынан босап, елдегі жалпы кәсіпкерлікті қаржылық қолдау үшін ең алдымен банк ісі жандануды қажет етеді. Банктер кәсіп үшін несиені ұсынуға қабілеті арта түскен сайын елдегі даму да алға басады деген сөз. Сондықтан Қазақстанда бұндай шараның алғашқысы осы аптадан бастап жүзеге аса бастады десе де болады. Үкімет осы аптаның басында банк жүйесінің орнықтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «ТұранӘлемБанк» АҚ мен «Альянс Банк» АҚ банктерін мемлекет бақылауына алды. Сол күні осы екі банктің акцияларын сатып алу туралы Үкіметтің шешімін орындау мақсатында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің мәжілісі өтіп, онда «БТА Банк» АҚ акцияларын сатып алу және «Альянс банк» АҚ құқықтарына иелік етуді ресімдеу жөніндегі қажетті шешімдер қабылданды. Бұндай қадам негізінен елдегі жүйе құрушы банктердің аяқтарынан мығым тұруына жағдай жасау болып отыр. Өйткені, мамыражай кездері «Альянс банктің» оңды-солды несие беруі, кейіннен осындай шараның нәтижесінде банктің «шатқаяқтау» қаупі болғанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Ал «БТА Банк» Ұлттық банктің деректеріне сәйкес, соңғы уақыттарда салымшылар алдындағы төлем қабілетінен айырыла бастаған. Аталған банк Ұлттық Банктен қысқа мерзімді-апталық несиелер ала отырып, кейіннен өздерінің жағдайы мәз емес екендігі туралы Ұлттық Банкке ресми хат та жолдаған болып отыр. Тоқтала кететін жайт, еліміздегі қандай да болмасын банк жүйесінің құрдымға кетуі ел экономикасына, жұртшылыққа айтарлықтай соққы болатыны анық. Сондықтан да, банктердің мемлекет бақылауына өтуі халықтың сенімін нығайта түседі. Ал қазіргі жағдайда қарапайым халық жекелеген банк иелерінен гөрі мемлекеттің қолдауындағы банкке сенімді қарайды. Осы тұрғыдан алғанда, «ТұранӘлемБанк» АҚ мен «Альянс банк» АҚ банктері толық мемлекетендірілмесе де, мемлекеттің бақылауына өтуі ел арасындағы өз қаражаты үшін болатын қобалжуларды біршама сейілтуге жасалған қадам ретінде бағаланғаны орынды. Сонымен бірге, бүгінгі күні елімізде 36 банк қызмет етсе, олардың тек 6-уы ғана жүйе құрушы банктің қатарына, сол деңгейлі көрсеткіштерге ие болып отыр. Бұлар «Қазкоммерцбанк», «Халық банкі», «БТА Банк», «Альянс банк», «АТФ Банк» және «ЦентрКредитбанк». Соңғы аталған екі банк те жүйе құрушы банктерге жатады. Бірақ олардың қажет бола қалса, қаржы рыногындағы жағдай жақсарғанша көмек көрсете алатын ірі шетелдік акционерлері бар. Сондықтан да мемлекеттік қолдауға соншалықты зәрулік осы екі банктен байқалмай отырған сыңайлы. Дегенмен, бұл банктерге мемлекет тарапынан көмек қажет болса, Үкімет те жәрдем беруге дайын. Сондай-ақ аталған 6 банк ел экономикасының шикізаттық емес секторының 80 пайыздан астамын қаржыландырып отыр. Ендеше, Қазақстаның қаржы жүйесі мен банк секторының орнықтылығы негізінен, осы банктерге байланысты. Ендігі күні Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қордан «Самұрық-Қазына» қоры арқылы еліміздегі жүйе құрушы ірі 4 банкке шамамен 4 млрд. доллар беріліп отыр. Ұлттық қор қазынасынан жөңкіген бұл қаражат банктердің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге ғана емес, ел экономикасының нақты секторында қордалана бастаған проблемаларды шешуге бағытталады. Шағын бизнесті тиімді пайызбен қаржыландыру алдағы уақыттарда жүргізіле бастайды. Оның ішінде, бүгінгі күні «БТА банкі» Алматы мен Астана қалаларындағы құрылыс жұмыстарын, ал «Альянс банкі» шағын және орта бизнесті, сондай-ақ ауылшаруашылығы салаларындағы жобаларды қаржыландыратыны белгілі болды. Бір сөзбен айтқанда, Үкімет еліміздің банктік-қаржылық секторын тұрақтандыруға қатысты маңызды қадам жасап отыр. Ендігі кезек, сөз басында айтып өткеніміздей, мұнай бағасына үміттеніп, жалтақтамай нақты секторларды, ел экономикасына демеу болатын жобаларды, кәсіптерді жаңағы мемлекет қолдауындағы банктер арқылы қаржыландыра түсу ісі. Ал бұндай қаржыландыру, әсіресе осы аптада орын алған теңгенің девальвациясы жағдайында өте-мөте маңызды шаруа болады. Өйткені мамандардың пікірінше, теңге девальвациясы елге ағылған импорт көлемін азайтады, ішкі нарықтағы жағдай қалыпты ұсталса, отандық кәсіптің бәсекелестігін күшейтеді. Соңғы екі жыл бойы Қазақстанның валюта нарығында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 2-3 пайыздық ауытқумен 120 теңгенің аралығындағы тұрақтылықты ұстап келді. Бұның өзі еліміздегі қаржылық тұрақтылыққа жауап бергені де мәлім, өйткені бірқатар елдермен салыстырғанда Қазақстан ұлттық валютасын қалыпты уыста ұстап тұрды. Бірақ ендігі күні теңгенің девальвациясы еліміз үшін ауадай қажетті құбылысқа айналды. Мамандар пікіріне жүгінейік. Жақында ғана өз қызметіне кіріскен Ұлттық банк басшысы Григорий Марченконың айтуынша, Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің барлығы ұлттық валюталарын девальвациялаған. Осының нәтижесінде Қазақстан теңге девальвациясының түрлі қырларына сараптама жасай отырып, оңтайлы нұсқаны оңтайлы кезеңді тауып отырған сыңайлы. Ал бұндай ұлттық валюта девальвациясына қатысты тәуекел аптаның сәрсенбісінде, банк саласы мамандары мен Үкіметтің 24 сағаттық талқылауынан кейін жасалды. Әрине, теңге саясатындағы тәуекел бір жағынан қаржы дағдарысын жеңілдету үшін еріксіз әрі саналы түрде орын алып отыр. Олай болатын себебі, теңге бағамын бұрынғы қалыпта ұстау еліміздің алтын валюталық қорының сарқылуына соқтырып, оның салдары теңге құнсыздануының бұдан да сорақы көрінісіне келтіретін еді. Сондықтан да Ұлттық банк бұрынғы теңге бағамы дәлізінен бас тартты. Теңге девальвациясы басталған алғашқы күні долларды сату-сатып алуда айтарлықтай айырмашылық орын алған еді. Бұның өзі жекелеген ақша айырбастау орындарының пайда табу мақсатындағы алыпсатарлығынан туындаған. Қазір ірі банктердегі ақша айырбастау орындарында доллар бағамы 152 теңгеден аспады. Сондықтан да қолма-қол валюта нарығындағы жағдай тұрақталып келеді. Ал Ұлттық банк халықтың ірі банктердегі ақша айырбастау орындары қызметін пайдалануға кеңес беріп отыр. Сонымен бірге, бұл құбылысты әлемдік дағдарыстың ұлттық экономикамызға тигізіп отырған жағымсыз әсерінің ең бастысы деп айтуға негіз бар. Кез келген тәуекелдің жағымсыз салдары да болатыны заңдылық. Яғни, нарықтық экономика кезінде Үкімет қолданған кез келген шаралардың тиімді де тиімсіз жақтары болуы мүмкін. Бірақ, тәуекел негізінен ұтымды саясат үшін, ал теңге девальвациясы жағдайындағы тәуекел экономиканы құтқару үшін жасалып отыр. Өйткені әлемдік дағдарыс жағдайында кез келген мемлекетке экономикасын дұрыс жолға қою өте күрделі мәселе болып табылады. Қазақстанда да соңғы айларда, шығаратын өнімдердің бәсекелестік қабілеттігі төмендеп, отандық ірі экспортшылардың жағдайлары қиындап отыр. Бірқатар кәсіпорындар жарты күндік жұмыс жүйесіне көшті немесе өндірісін толық тоқтатты. Жалпы девальвация мәселесі, оның ішіндегі қарапайым халыққа тиетін ауыртпалықтар баршылық. Ал Үкіметтің ендігі басты мәселесі де осы ауыртпалықтардың жүгін азайту. Бұл мақсатта атқарушы билік қандай шаралар қолға алады, енді соған келейік. Біріншіден, Үкімет банктердің қолданыстағы ипотекалық кредиттерін қайта қаржыландыратын болады. «Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру бірқатар санаттағы азаматтарды қамтиды және бұның өз өлшемдері болады. Атап айтқанда, несиелерді төмендету бағдарламасына сәйкес, бұл ипотекалық кредит болуы тиіс. Азаматтар несие арқылы иеленген тұрғын үйдің аумағы 120 шаршы метрден аспауы шарт және осы үй отбасы үшін жалғыз баспана болуы керек. Сондай-ақ бұндай кредиттерді төмендету бағдарламасына кіретіндердің екінші деңгейдегі банктерде мерзімінен асып кеткен қарыздары болмауы тиіс. «Ал оның қандай мерзім екенін біз әлі нақтылай жатамыз», деді К. Мәсімов «Нұр Отан» ХДП фракциясының кеңейтілген отырысында. Премьер-Министрдің айтуынша, кредиттерді төмендетудің осы бағдарламасына жататын азаматтар, оның ішінде әлеуметтік қызметкерлер үшін кредит ставкасы теңге бойынша 9 пайыздан аспауы қажет. Ал басқа санаттағылар бойынша ставка 11 пайыздан аспауы тиіс. «Яғни, бұл бағдарламаға кіретін барлық санаттағы азаматтар өздерінің бұрынғы кредиттерін қайта қаржыландыра алады. Сондықтан да кредиттерді арзандату бағдарламасы нақты проблемаларды шешеді. Ал бұндағы депозиттер мерзімін 20 жылға дейін ұзарту туралы шешім қабылданды», деді К. Мәсімов. Осы шараның өзі еліміздегі шетелдік валютамен несие алған 60 мыңға жуық кредиторлардың жағдайын жеңілдете түседі. Жалпы, өткен жылдары республика бойынша ипотекалық несиелер 150 млрд. теңге шамасында берілген болса, бұлардың ішіндегі шетелдік валюта бойынша үлесі 48 пайызды құрап отыр екен. Екіншіден, Ұлттық банк теңгенің бүгінгі күні белгіленген бағамын ұстап тұруға күш салады. Яғни, бір доллар үшін теңгенің бағамы 3 пайыздық ауытқулармен 150 теңге шамасында тұрақталады. Теңге бағамының тұрақтылығын қамтамасыз етудің тағы бір шарасы бұл бағытта арнайы нормативтік шектеулер болады. Соған сәйкес, еліміздегі ақша айырбастау қосындарында шетелдік валютаны сату-сатып алу бағамындағы ауытқулар заңмен құрықталады. «Қазіргі таңда біз бұның құқықтық аспектілерін қарастырудамыз. Ал валюталық заңдылықтың бұзылған жағдайында Ұлттық банк санкция қолдану шарасын жүргізуі мүмкін. Әрі мұндай жағдай орын алса, ақша айырбастау қосындарының лицензияларын алып қою да қарастырылады», деді Г. Марченко. Үшіншіден, алдағы уақытта депозиттегі теңге салымындағы сыйақы ставкасы 13,5 пайыз болып бұрынғы қалпында қалдырылып, шетел валютасының ставкасы 8 пайызға дейін төмендейді. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, бүгінгі күні халықтың депозиттік нарық бойынша салымы 1,5 трлн. теңгені құраған. Дегенмен де, соңғы екі жылда халық біртіндеп теңгедегі депозитін шетел валютасына алмастыра бастаған. Осыған орай, теңге бойынша депозит салымы 2008 жыл соңына қарай 59 пайызға төмендеген. «Дәл осы депозиттегі теңге салымын валютаға ауыстыру 2008 жылдың соңғы айларында қарқынды болды. Сондықтан да, қазіргі девальвация жағдайында «Депозиттерді кепілдендіру қорымен» тиісті шешім қабылданып отыр. Ол бойынша ақпанның 16-сынан бастап депозиттерге салынатын қаражат теңге бойынша жылдық сыйақы мөлшері 13,5 пайыз көлемінде қалады. Ал шетелдік валюта бойынша салым ставкасы 8 пайызға дейін төмендейді. Яғни, біздің көзқарасымыз бойынша ендігі күні депозиттегі теңге бойынша салынған қаражатты долларға ауыстырудың қажеті шамалы. Оның үстіне депозиттің теңге бойынша сыйақысы айтарлықтай жоғарылайтын болды. Сондай-ақ девальвациялық жағымсыз құбылыстардың алдын алдық, яғни ендігі доллар үшін бағам 150 теңгеде тұрақты болады», - деді Г. Марченко.
Соңғы жаңалықтар