Теңге тиянақталған бағамға оралуы мүмкін бе – ҰБ басшысы жауап берді

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банкте өткен брифингіде Тимур Сүлейменов БАҚ өкілінің «Теңге тиянақталған бағамға қайта оралуы мүмкін бе?» деген сұрағына жауап берді. 

Деньги монеты Ақша
Фото: Kazinform

— Біз ешқандай тиянақталған бағамға оралу шарасын қолға алғалы жатқан жоқпыз. Бұл – мүлдем жаңсақ пайым әрі бұрыс жол. Біз кез келген экономистің немесе қаржыгердің мұндай пікірі болуы мүмкін екенін жоққа шығармаймыз, себебі бұл саладағы монополист емеспіз. Алайда біздің көзқарасымыз бойынша, бұл бағыт дұрыс емес. Оның соңы ұзақмерзімді экономикалық зардаптарға соқтырады, - деді Ұлттық банк басшысы.

Сондай-ақ Тимур Мұратұлы бұл ұстанымның дұрыстығын ҚР Президенті де айтқанын атап өтті.

— Мемлекет басшысы өз сұхбатында («Ана тілі» газетіне берген – ред.) Қазақстанның ашық әрі нарықтық экономикасы үшін теңгенің еркін ағымда болуы тепе-теңдікті сақтаудың жалғыз жолы екенін нақты атап көрсетті, - деді ол.

Айта кетейік, бүгін Ұлттық банк базалық мөлшерлемеге қатысты мәлімдеме жасады.

Тимур Сүлейменов не себепті базалық мөлшерлемені 15,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылданғанын түсіндірді.

 

Соңғы жаңалықтар