Теңгеге қатысты рубльдің нығаюы Қазақстан үшін маңызды факторға айналып келеді - Сүлейменов
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық қордың ресурстарын жинақтап, барынша тиімді пайдаланған жөн. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

- Сыртқы инфляциялық жағдай қолайсыз қалыптасып отыр. Оған себеп – Ресейдегі жоғары инфляция және әлемдік азық-түлік нарықтарындағы бағаның өсуі. ФАО деректері бойынша сәуір айында азық-түлік бағасының индексі 128,3 тармаққа дейін көтеріліп, жыл басынан өcу үрдісін жалғастырып жатыр. Дамыған елдерде инфляциялық қысым төмендеп келеді. Еуроодақта инфляция 2,4 пайызға дейін, АҚШ-та 2,3 пайызға дейін баяулады. Саудада қалыптасқан шиеленіске қарамастан, Еуропа Орталық банкі дезинфляциялық факторлар басым болғанымен, инфляциялық таргетке қол жеткізу мүмкіндігіне сенімді екенін білдірді. Сонымен қатар АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) сақтық танытып, күту ұстанымын сақтап қалды. Инфляциялық тәуекелдердің сақталуы мен АҚШ-тың экономикалық тұрғыда даму жолын және сауда саясаты бағытына қатысты белгісіздікті ескере отырып, мөлшерлеме өзгеріссіз қалдырылды, - деді Тимур Сүлейменов.
ҰБ басшысының айтуынша, Ресейдегі инфляция 10,2 пайызға дейін баяулағанмен, нысаналы деңгейден едәуір асып түсті. Ресей банкі қатаң саясатты жалғастырып, негізгі мөлшерлемені 21 пайыз деңгейінде ұстап тұр. 2026 жылдың соңына таман мақсатты бағдарға жету үшін биыл негізгі мөлшерлемені 19,5–21,5 пайыз аралығында сақтауды көздейді.
- Бұл жағдайда теңгеге қатысты рубльдің нығаюы Қазақстан үшін маңызды факторға айналып келеді. Бір жағынан, бұл отандық өндірушілер, әсіресе, өңдеу өнеркәсібі үшін бағалық артықшылық туғызады, екінші жағынан – Ресейден келетін импорттың едәуір көлеміне байланысты инфляциялық үдерістерге әсер етеді. Мұнай нарығындағы жағдай да тұрақсыз, - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, Қытай тарапынан сұраныс төмендеген соң ОПЕК+ елдерінен түсетін ұсыныстың ұлғаюын күтуден және жаһандық сауда шиеленісінің күшеюінен бағаға қысым бар.
- Қазіргі жағдайды ескерсек, болжамның базалық сценарийінде Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы алдыңғы раундтағы 1 баррель үшін 73 долларға қарсы 65 доллар деңгейінде белгіленді. Сауда эскалациясы және мұнай бағасының күрт төмендеуі шикізат нарығына құрылымдық жағынан тәуелді екенімізді көрсетті. Мұндай жағдайда Ұлттық қордың ресурстарын жинақтап, барынша тиімді пайдаланған жөн, - деді ол.
Бұған дейін Тимур Сүлейменов криптовалютаға инвестиция салуға қатысты пікір білдірген еді.