Теңгені нығайтқан салық апталығы ма, әлде Трамптың әрекеті ме

АСТАНА. KAZINFORM – Доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 500 теңгелік межеден кері қайтты. Мұны сарапшылар әрқалай бағалап жатыр. Дегенмен бәрі ұлттық валютамыздың рубльге қаншалықты тәуелді екенін бүгінгі жағдай нақты көрсеткенін бір ауыздан растап отыр.

Мақсат Халық, Андрей Чеботарев
Коллаж: Kazinform

Экономист Мақсат Халық теңгенің бұл жолғы нығаюын уақытша құбылыс болуы мүмкін деп болжайды.

- «Теңге өз бағамына қайтып жатыр» деген пікір толық ақталмайды деп ойлаймын. Теңге күшеюінің негізгі себептерінің бірі – рубль факторы. Ресейде де біздегідей салық кезеңі болып жатыр. Негізгі ықпал етіп тұрған сол. Трамптың Путинмен сөйлесуі, кездесу белгілеуі де рубльдің нығаюына әсер етті.

Бұл - баршаға көрініп тұрған себептері. Ал тереңірек үңілсек, жылда қаңтар, ақпан айларында теңгеміз нығаяды. Оның негізгі себебі – Ұлттық қордан аударымның түсуі. Бірінші тоқсанда өте көп аударым жасалады. Былтыр да Ұлттық қордың 70 пайызы бірден аударылған болатын. Бұл доллардың теңгеге шаққандағы бағамын 440 теңгеге дейін түсірген. Қазір де сондай үрдіс болып жатыр деуге негіз бар.

Компаниялар шетелден доллармен тапқан табыстарын теңгеге айырбастап, салық төлейді. Бұл теңгеге сұранысты арттырып, бағамын көтерді, - дейді сарапшы.

Сондай-ақ, ол қолында азын-аулақ ақшасы бар азаматтарға валюта нарығындағы өзгерістердің артын баға отырып шешім қабылдау тиімді екенін ескертіп отыр.

- Қаржыгердің алтын заңдары бар. «Бәрі сатып жатқан кезде сен сатпа, бәрі сатып алып жатқан кезде сен сатып алма» дейді. Сондықтан әліптің артып бағу керек. Бірден асығыс шешім қабылдауға болмайды. Ақша эмоцияға бағынатын шешімдерді жақсы көрмейді. Салмақты, салқын қанды шешімді қажет етеді. Негізі қолдағы ақшаны бір ғана валютамен ұстауға болмайды. Бірыңғай доллармен немесе бірыңғай теңгемен ұстау дұрыс емес. Бөліп-бөліп ұстау керек. Бірнеше валютамен түрлі құралдарға салған абзал, яғни депозит қана емес, құнды қағаздарға, алтын сатып алу, жылжымайтын мүлік бар дегендей, - деді тәуелсіз сарапшы.

Мақсат Халық валюта нарығындағы бүгінгі өзгерістер жылдық инфляцияға соншалық әсер ете алмайтынын айтады.

- Өкінішке қарай, бізде теңге әлсіресе баға өседі де, теңге нығайса бағалар сирек жағдайларда ғана түседі. Теңгенің қазіргі нығаюы уақытша тенденция деп айтуға болады. Өйткені, қазір Трамптың ықпалымен әлемде мұнай бағасы төмендейін деп тұр. Бұл біздің экономикаға кері әсер етеді. Біріншіден, төлем балансына әсерін тигізіп, экспортымызды күрт төмендетеді. Салдарынан бұл теңгеге ұзақ мерзімде қысым түсіреді. Оның үстіне, АҚШ-тың федералдық резерв жүйесі қатаң ақша-несие саясатын сақтай бермек. Ол доллар бағамын нық ұстауға негіз болады. Елдегі жанар-жағармайдың қымбаттауы, тарифтердің өсуі, салықтардың көтерілуі тағы да инфляцияны арттырады. Ал инфляция болғанда теңгенің құнсызданатыны түсінікті. Қор жинағын теңгемен сақтап отырғандардың активтері құнсыздана түседі деуге негіз бар, - дейді экономист.

теңге, ақша
Фото: Александр Павский/Kazinform

Ал қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев рубльдің нығаюын Украина төңірегіндегі келіссөздермен тікелей байланыстырып отыр.

- Бұл - геосаяси тұрғыда нашар шешім. Бірақ рубль бағамына әсері жолжелкеннің жараға әсерінен әлдеқайда қуатты болатыны анық, - дейді ол.

Сарапшы алдағы дүйсенбіде «салықтар апталығы» басталатынын еске салды. Сондай-ақ, ол Ұлттық банктің қабылдаған шешімдері де жемісін бере бастағанын айтты.

- Қаңтар айында Ұлттық банк алтын операцияларын енгізді, яғни алтын өндіруші компаниялардан алтын сатып алу үшін теңге басып шығарудың орнына резервтегі валютаға теңге сатып алып, алтынға айырбастап отыр. Осылайша теңгеде қосымша өтімділік пайда болып жатыр. Бірінші тоқсанда 1 млрд долларды осылай айырбастауы керек болған, - дейді Андрей Чеботарев.

Дегенмен ол алтын-валюта резервіндегі маневрлер қаңтарда басталғанымен, теңгенің бағамы ақпанның ортасына қарай ғана нығайғанын еске салады.

- Теңге рубль нығайған кезде ғана нығая бастады. Әдетте салық апталығы валютаның құбылуына 2% ғана әсер етеді. Теңге бағамы рубльге тікелей байланысты. Сондықтан қазір біреуге доллар ал немесе теңге сатып ал деп айту орынсыз. Өйткені валюта бағамы деген қазір геосаяси өнім болып тұр, - дейді қаржы сарапшысы.

Бұған дейін Астана мен Алматыдағы ақша айырбастау пункттерінде доллар 498-504 теңгеден сатылып жатқанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар