Теңгенің айналасындағы ахуал қалай шешілетіндігін Ұлттық банк халыққа сауатты жеткізуі тиіс - Ұлттық банктің алғашқы төрағасы

Оның айтуынша, теңгеге деген халықтың сенімін қайта жандандыру үшін Ұлттық банкке алдымен ашық саясатты жүргізе бастау қажет.
«Үкімет пен Ұлттық банк қалыптасқан жағдайдан Қазақстан қалай шешімін табатындығын сауатты түсіндіруі қажет. Мысалы, теңге бағамы тұрақтап қалуы үшін экономикада оң өзгерістер орын алуы тиіс. Олар қазір қолға алынып та жатыр. Біздің елде Президенттің бастамасымен бірқатар жақсы-жақсы бағдарламалар жүзеге асырылуда. Олардың ішінен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы мен «Нұрлы жолды» ерекше атап өтуге болады. «Нұрлы жол» бағдарламасының өзі қанша игі жетістіктер беретінін естідіңіздер. Қазіргі уақытта оның аясында 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Келесі жылы бағдарлама тағы кеңейеді деп болжануда. Жол магистральдерінде жаңа инфрақұрылымдар, елді мекендер, шағын және орта бизнес пайда болады. Бұл сөзсіз, экономиканы жандандыра түседі, ол өз кезегінде теңгенің тұрақтануына зор ықпалын жасайды», - деп атап өтті ол.
Оның айтуынша, «Нұрлы жол» сынды бағдарламалар аясында инфляциядан қорықпай, экономикаға көбірек қаражат құю қажет. Соның арқасында экономика дамып қана қоймай, теңге нығаяды.
«Инфляцияның дендеп кетпеуі үшін нарықта қолма-қол ақшаны азайтып, есеп айырысуда электронды төлем карточкаларының үлесін арттыру қажет», - деп есептейді ол.
Айта кетейік, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевке халықтың теңгеге деген сенімін арттыруды тапсырған болатын.