Теңгенің дәлізі кеңейгенімен, валюталық саясат өзгермейді - Апталық шолу
Бесінші сайланған Парламенттің төртінші сессиясын түйіндеп, өткенге көз жүгірткен Мәжіліс спикері Қабиболла Жақыпов тұтастай алғанда өткен сессияны «тарихи шешімдерге толы, табысты болды» деп бағалады. «Сессия Елбасымыздың «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатында көрініс тапқан, әлемнің 30 дамыған елінің қатарына кіру жолындағы «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың жаңа кезеңінде өтті. Бүкіл әлемді елең еткізген, еліміздің Тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін нығайту үшін өткізілген, халқымыздың бірлігі мен Елбасына деген сенімінің салтанаты болған президенттік сайлау да осы сессияға дөп келді. Қазақ хандығының 550 жылдығы. Ата Заңымыздың 20 жылдығы. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы. Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы. Мемлекет дамуына жаңа серпін берген «100 нақты қадам» - Ұлт жоспары. Осылардың бәрі биылғы сессияның ерекшеліктеріне жатады», - деп атап өтті Қабиболла Жақыпов. Сонымен қатар, осы уақыт ішінде мемлекеттілікті одан әрі нығайту, инфрақұрылымдық реформалар мен әлеуметтік жаңғыртуды жүзеге асыру, Қазақстанның халықаралық беделін одан әрі көтеру, халқымыздың бірлігін асқақтатып «Мәңгілік Ел» құру жолында көптеген батыл қадамдар жасалды. Спикердің атап өткеніндей, Парламент депутаттары олардың барлығын өз уақытында сапалы әрі тиімді заңдармен қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Тұтастай алғанда, төртінші сессияда қос палата қарауында 190 заң жобасы болып, оның 113-і қабылданған. Қабылданған заңдардың 16-сы экономика және қаржы саласына, 8 заң мемлекеттік құрылыс пен қауіпсіздік, сондай-ақ, әлеуметтік сала мәселелеріне, 7 заң еңбек және әлеуметтік қамтамасыз етуге бағытталыпты. Сессия барысында Парламент депутаттарына азаматтардан 9 мыңнан астам хат түскен екен. Қоғамдық маңызды мәселелерді шешу мақсатында сенаторлар мен мәжілісмендер мемлекеттік органдар атына 326 депутаттық сауал жолдаған.
Сөз арасында спикер Қабиболла Жақыпов заң шығармашылық жұмыстың сапасын көтеру қажеттілігін тағы бір мәрте ерекше атап өтті. Оның айтуынша, заң жобаларының сапасының сын көтермеуіне құжатты әзірлейтін министрліктердің өз саласындағы жағдайға тереңдете жүйелі талдау жасамайтындығы, заңды дайындау сатысында тиімділігін жете болжамауы, мүмкін болатын тәуекелдерді бағамдамауы, қоғам пікірін ескермеуі, мықты кәсіби қауымдастықты тартпайтындығы себеп болып табылады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, төртінші сессия барысында 206 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. «Депутаттар мен сарапшылардың айтуынша, заңнамаға осыншалық жиі түзетулер енгізілуінің негізгі себебі - Үкіметтің Парламент депутаттарының өкілдік-заң шығармашылық әлеуетін толықтай пайдаланбайтындығы, олардың заңнамалық бастамаларын нақты жүзеге асырудың объективті шарттарының жоқтығынан туып отыр. Мәжіліс қабылдаған үкіметтік заң жобаларының әрбір үшіншісінің мазмұны 50 пайызға, кейде одан да жоғары деңгейде өзгеріске ұшырайды. Жекелеген жағдайларда (ратификацияны қоспағанда) заң жобасы бірқатар заңдардың күші жойылуы көзделген нормаларының өзара байланыспаған механикалық жиынтығын ғана білдіреді», - деді Мәжіліс спикері. Осы орайда, Спикер сессия сайын қайталанып отыратын проблемалардың кешенді шешімін табуы үшін Парламент пен Үкіметтің бірлескен іс-шаралар жоспарын әзірлеуді ұсынды. Ол Елбасы жүктеген тапсырмаларды сапалы заңнамалық қамтамасыз етуге жол ашпақ.
Теңгенің дәлізі кеңейтілді
Осы аптада Ұлттық банк төл теңгеміз үшін жаңа дәліздің деңгейін белгіледі. Яғни, теңгенің долларға шаққандағы дәлізі 1 доллар үшін 198 теңгеге дейін кеңейді. Өткен алты айды қорытындылаған баспасөз мәслихатында Ұлттық банк басшысы бiрiншi жартыжылдықта валюта саясаты өзiнiң тұрақтылығын көрсеткенін, теңге 170-188 дәлiзiнде құбылғанын алға тартады. «Жалпы, мұның бәрi өткен жылдың соңында қалыптасқан жағдайды түзеуге мүмкiндiк бердi. Бүгiнде валюталық саясаттың тұрақтылығын көрiп отырмыз, сондықтан екiншi жартыжылдықта бұл валюталық саясат өзгермейдi», - дедi Бас банкир. Оның айтуынша, теңгенiң долларға шаққандағы айырбас бағамы жоғарғы шекке жеткендiктен, бүгiн биржада теңге бағамы 180 теңгеден жоғары деңгейде құбылған. Сонымен бірге, алдағы уақытта икемдi бағам қалыптастыруды жалғастыру үшiн Ұлттық банк теңгенiң долларға шаққандағы айырбас бағамының дәлiзiн ағымдағы 185 +3/-15-тен 185 +13/-15-ке дейiн өзгерту шешiмiн қабылдады. «Жаңа дәлiз де айтарлықтай ұзақ уақыт сақталады деп есептеймiз», - дедi Ұлттық банк басшысы.
Айта кетерлігі, өткен жартыжылдық қорытындысына сәйкес, сыртқы жағдайдың қолайсыздығына қарамастан, Қазақстан экономикасында өсім бар. Ал мәселен, үстіміздегі жылдың маусымындағы ішкі жалпы өнім өсімі 2,3 пайызды құраған. Ұлттық банк басшысының баяндауынша, Үкіметтің жоспары бойынша осы уақыт аралығына шамамен екі пайыздық экономикалық өсім жоспарланған екен. «Инфляция 6-8 пайыз дәлiзiнде болады деп жоспарлап едiк, бiрақ, жалпы алғанда, Қазақстанда инфляциялық үдерістер бәсеңдеп келедi. Маусым айының қорытындысы бойынша инфляция деңгейi тiптi 0,1 пайызға төмендедi. Жыл басынан берi инфляция 1,4 пайызды құраған. Егер жылдық көрсеткiш бойынша айтсақ, бұл 3,9 пайыз деңгейiнде. Былтыр жылдық инфляция 7,4 пайыз болған еді. Негізінде қазіргі таңда көршілес елдердің көпшілігінде инфляция деңгейі жоғары екені белгілі. Серiктес елдердегi жағдайға тоқталсақ, Ресейде мамырда инфляция 16 пайыз шамасында болды, өткен жылы жылдық инфляция 11 пайызды құрады. Беларусьте мамыр айының соңында жылдық инфляция 13 пайыз, өткен жылы 18 пайыз деңгейiнде болды. Бiздiң елде айтарлықтай жақсы көрсеткiш деп айтуға болады», - дейді Қайрат Келімбетов.
Жалпы, Ұлттық банктiң алтын-валюта қоры бiрiншi шiлдедегi жағдай бойынша 28,89 млрд. долларды құрады. Бұған Ұлттық қордағы 69 млрд. доллардан астам қаржыны қоссақ, барлығы 98 млрд. долларға жуықтайды. Жалпы, бiрiншi жартыжылдықта елiмiздiң алтын-валюта қоры тұрақты деңгейде сақталған. «Бiрiншi тоқсанда экономикалық өсiм 2,3 пайызды құрады. Алдын-ала қорытындылар бойынша бiрiншi жартыжылдықта 1,7 пайыз деңгейiнде, яғни жоспарланғандай, экономикалық өсiм 2 пайыз шамасында болып отыр», - дейдi Ұлттық банк төрағасы.