Теңгенің нығаюына мүмкіндік бар - экономистер Трамптың ықпалы туралы
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Дональд Трамптың Ақ үйге оралуы болашақта теңге бағамына қалай әсер етуі мүмкін? Қазақстандық экономистер пікір білдірді.

– Дональд Трамптың инаугурациясы кеше өтті. Доллар бағамының динамикасын бақыладық, ол аздап төмендеді. Бұл - «сыбысқа қарай сатып ал, фактіге қарай сат» деп сипаттауға болатын құбылыс. Былтыр қараша айында Дональд Трамп сайланғаннан кейін доллар тұрақты түрде нығая түскен, бірақ инаугурация тұсында әлсірей бастады. Кеше еуро мен фунт стерлинг сияқты басқа валюталардың көтерілгенін көрдік. Нарықтың мұндай әрекеті таң қалдырмауы керек, – дейді экономист Арман Бейсембаев.
Оның айтуынша, доллар бағамының динамикасы жаңадан сайланған АҚШ президенті қабылдаған шешімдерге байланысты болады. Осыған дейін Дональд Трамп түрлі шара кешенін енгізуге уәде берген еді.
– Дәл қазір Қазақстанға айтарлықтай әсер етеді деп ойламаймын. Бірақ ұзақ мерзімді перспективада белгілі бір қауіптер бар. Олар жылдың екінші жартысында Трамптың саясаты қалай бағыт алатынына қарай байқалуы мүмкін. Сондай-ақ екінші жартыжылдықта Ресей мен Украина арасындағы жағдай шешілуі керек. Оның да нәтижесі бізге айтарлықтай әсер етеді, – деп атап өтті ол.
Экономист АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынастың да ықпалы тиюі мүмкін екенін айтады.
– Қорытындылай келе, бірінші жартыжылдықта теңге бағамы бір долларға шаққанда 530 теңге шамасында қалатын шығар. Дегенмен, валютаның қалыпты нығаюына толық мүмкіндік бар және 505-510 теңге деңгейіне қайта оралуымыз әбден мүмкін. Бұл - шынайы сценарий, өйткені қаржы нарықтары толқынды қозғалыстарды бастан кешіреді. Алайда, жылдың екінші жартысында белгілі бір қауіпті болжамдар орындалса, мұндай жағдайда теңге бағамы бір доллар үшін 530 теңгеге оралуы, тіпті 550 теңгеге дейін әлсіреуі мүмкін. Бұған қоса, Трамп сауда соғысын ашуы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Ал, АҚШ-тың Қытайға соққысы Ресейге сөзсіз әсер етеді. Оның бір ұшы Қазақстан экономикасына тиетіні анық, – дейді Арман Бейсембаев.
Экономист Асқар Қысықов та теңге бағамындағы жағдайға қатысты пікірімен бөлісіп, оның динамикасына екі негізгі фактор – мұнай бағасы мен Ресей рублі әсер ететінін жеткізді.
– Трамп «бүкіл әлемді мұнайға қарық қылдырамын» десе де, бұл бағаның күрт төмендеуіне әкеледі деп ойламаймын. Баға сәл түсуі мүмкін, бірақ тым арзандап кете қоймас, – дейді сарапшы. – Ал Ресей рублінің күйі кері әсер етуі ықтимал. Айталық, көп нәрсені импорттаймыз.
Ол қазір Қазақстанның валюта нарығында девальвациялық болжамдарға байланысты шетел валютасына сұраныс жоғары екеніне тоқталып, сондықтан Ұлттық банк интервенциялар жүргізуге мәжбүр екенін атап өтті.
– Валюта бағамына қысым әлі де жалғасады деп ойлаймын, бірақ Ұлттық банкте тұрақтылықты сақтаудың барлық құралы бар екенін ескеру қажет. Валюта нарығының тұрақсыздануын болдырмайды. Сондықтан ұзақ мерзімді перспективада теңге бағамы әлсірейді, бірақ күрт ауытқулар болмайды. Бірінші жартыжылдықта бағам бір долларға 530-550 теңге шегінде сақталады деп ойлаймын,– дейді сарапшы.
Айта кетсек, 20 қаңтарда Дональд Трамп ресми түрде АҚШ-тың 47-ші президенті ретінде қызметіне кірісті.
Кеше қор нарығының күндізгі сауда қорытындысы бойынша, доллардың орташа бағамы 0,28 теңгеге төмендеп, 529,94 теңге болды, ал бүгін 2,36 теңгеге арзандады.