«Tengri Travelsystem» турфирмасының бас директоры белгісіз бағытта кетіп қалған (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Tengri Travelsystem» туристік компаниясының бас директоры белгісіз бағытта кетіп қалған. Бұл туралы Қазақстан Туристік агенттіктер қауымдастығының президенті Әсел Нұркебаева айтты.
None
None

«Компания басшысы түн ішінде Түркияға әріптестерімен кездесуге, мәселені шешуге шұғыл түрде аттанып кеткен болатын. Біраз уақыттан соң ол белгісіз бағытта Түркиядан шығып кеткен», - деді Әсел Нұркебаева.

Сонымен қатар сарапшы «Tengri Travelsystem»-нен жолдама алған туристерге сапарға шығуды қоя тұруға кеңес берді. Өйткені авиабилет төленсе де, қонақүй ақысы төленбеген. Қазір Антальяға жеткізілген 600 турист қонақүйлерден шығарылып жатыр. Тағы да туроператордың турпакетін сатып алған 700-ге жуық жолаушының жағдайы белгісіз.

Оның айтуынша, компанияның банкротқа ұшырауынан тек Түркиядағы демалушылар жапа шеккен болмауы мүмкін. Сондай-ақ Еуропада, Араб әмірліктерінде туристердің жазғы демалысы үзіліп қалуы ғажап емес.

«Осы бағытта бізге түскен бірқатар арыздардың негізінде прокуратураға хат жолдадық. Прокурорлардан заңға сәйкес көмек беруін сұрадық», - деді Ә.Нұркебаева.

Қауымдастықтың ресми өкілі Денис Кривошеевтің айтуынша, «Tengri Travelsystem» компаниясының жұмысы соңғы жылдары өте нашарлап кеткен. Соңғы бір жыл көлемінде компания «Скат» әуе компаниясымен соттасып жатыр. Әуе компаниясына олар 2 млн. доллар көлемінде қарыз көрінеді.

Сондай-ақ сарапшы жүргізілген талдам бойынша тағы да 2 туроператор банкрот алдында тұрғандығын жеткізді.

Айта кетейік, бүгін «Tengri Travelsystem» туристік компаниясы өз қызметін тоқтататындығын мәлімдеген болатын.

Қазақстан Туристік агенттіктер қауымдастығы жапа шеккен агенттіктерге көмек қолын созу үшін үйлестіру штабын құрды. Олар мемлекеттік органдар мен әуе компаниялары, қабылдаушы компаниялар, сақтандырушы компаниялар, заңгерлер мен туроператорлар арасында ақпараттық алмасуды жеңілдетпек.

Соңғы жаңалықтар