Теңіз кен орнында ауаға нормадан артық 425 тонна зиянды зат шығарылған

Атырау облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Абзал Теміровтің айтуынша, кен орнында жұмыс істейтін 10-нан астам мердігер кәсіпорын экологиялық заңдылықты бұзған.
«Кен орнындағы мердігер компанияларға тиесілі нысандарда орналасқан стационарлық көздер бар. Сол стационарлық көздерде шығарындылардың нормативтері асқаны анықталып отыр. Мәселен, атмосфераға күкіртсутегі, азотдиоксиді, көміртегі оксиді секілді шығарындылар рұқсат етілген мөлшерден көп шығарылған. Жалпы нормадан асу дерегі 425 тонна. Ал рұқсат алынбай, ауаға жіберілген шығарындылардың үлесі шамамен 5 тоннадан асқан. «Теңізшевройл» компаниясының нысанында резервуар паркі бар. Сол резервуар паркінде жерді мұнаймен ластау дерегі анықталды», - дейді Абзал Теміров.
Еске сала кетелік, бұған дейін Табиғатты ластаған «Теңізшевройл» компаниясына 2,8 млрд теңге айыппұл салынғанын хабарлаған болатынбыз.
Атырау облыстық экология департаментіне Атырау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасынан «Теңізшевройл» ЖШС тарапынан қоршаған ортаға экологиялық рұқсатсыз эмиссияларды шығару, рұқсат етілген нормативтерден асып кету және жер бүлдіру деректері анықталғаны көрсетіліп, заң бұзушылыққа жол берген компанияны әкімшілік жауапкершілікке тарту ұсынылған.
«Осыған орай департамент қызметкерлері «Теңізшевройл» ЖШС-не қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328 және 337-бабының талабына сәйкес әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтырды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау үшін Жылыой аудандық сотына жолданды. Жылыой аудандық сотында аталған істер біріктіріліп қаралған. Соттың қаулысымен «Теңізшевройл» компаниясына жалпы сомасы 2,8 млрд теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.