Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарда коронавируспен жатқан науқастар жоқ

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Теңіз кенішіндегі инфекциялық стационарға коронавирус инфекциясымен түскен науқастар түгелімен сауығып шықты. Қазір мұнда емделіп жатқан науқастар жоқ, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, өткен тәулікте 5 адам қауіпті вирусқа шалдыққан. Нақтылай айтқанда, Атырау қаласында 5, Құрманғазы ауданында – 2, Теңіз кен орнында 1 науқас тіркелген.

«Атырау облысы бірнеше күннен бері «жасыл» аймақта тұр. Бұған өңірде коронавирус инфекциясының таралу дерегінің азаюы себеп болып отыр. Қазір қауіпті вирусқа шалдыққан 150 науқас емделіп жатыр. Оның ішінде 80 адам үй жағдайында, 70 науқас инфекциялық стационарларда ем қабылдау үшін оқшауланған. Ал, модульдік ауруханада – 57, аудандардағы инфекциялық стационарларда 13 пациент оқшауланған. Жылыой ауданында орналасқан Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда бірде-бір науқас емделуге жатқызылған жоқ», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Теңіз кенішінде 9 күннен бері коронавирус жұқтырушылар тіркелмегенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар