Теңіз көлігі кәсіпкерлері қауымдастығы «ҚР теңіз тасымалындағы көкейтесті мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді

АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Теңіз көлігі кәсіпкерлері қауымдастығы «ҚР теңіз тасымалындағы көкейтесті мәселелер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
None
None

Аталған қауымдастықтың атқарушы директоры Бауыржан Шалабековтің айтуынша, алқалы жиынға қатысушылар отандық теңіз көлігінің өзекті мәселелерін, атап айтқанда, Қазақстандағы теңіз сауда жолын реттеудің негізгі сипаттары, еліміздегі теңіз көлігінің қазіргі заманғы дамуы, Қазақстан үшін теңіз көлігін дамытудың маңызы, теңіз көлігі қызметін реттейтін заңнаманы жетілдіру сияқты мәселелерді қозғаған.

«Бұл шараның негізгі мақсаты - Қазақстан экономикасының жылдам дамып келе жатқан саласы ретінде теңіз көлігінің қазіргі жағдайы мен болашағының дамуын талқылау болды», дейді ол.

Оның сөзіне қарағанда, қазір қазақстандық мұнайдың 15 пайызы теңіз жолымен тасымалданады, 2020 жылы бұл көрсеткіш 40 пайыздан асып түсуі мүмкін. Теңіз флотының 200 бірлігі Каспийдің қазақстандық секторын игеруге жұмылдырылған. Елімізде болашақта теңіз флоты кемелерінің саны екі еседен астамға артпақ.

Жиынға қатысушылар қазақстандық флотты дамыту маңызды стратегиялық мақсат екенін атап өтіп, теңіз көлігін реттейтін ұлттық заңдылықты әрі қарай жетілдіру, еліміз Халықаралық теңіз ұйымының мүшесі болғандықтан, оның талаптары мен конвенцияларын орындау, теңіз кемесі саласындағы ҚР заңнамасын халықаралық талаптарға сәйкес реттеу, Қазақстанда теңіз мәселелері бойынша білім беру жүйесін құру, сонымен қатар, отандық теңіз көлігінің дамуына кедергі келтіретін өзге де жайттарды шешу жөнінде пікір алмасып, нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Дөңгелек үстел жұмысына ҚР Парламент Мәжілісі депутаттары, мемлекеттік органдар, шет елдердің дипломатиялық миссиялары өкілдері, теңіз көлігі саласындағы белгілі халықаралық сарапшылар, кеме, көлік компанияларының өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар