Теңіз жер қойнауында 3-зауыттың құрылысы басталмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мұнай мен газ - отандық экономиканың тірегі. Мемлекеттік бюджеттің негізгі кіріс көзі де осы саладан екендігі белгілі.
None
None

Бүгінгі таңда Қазақстанның мұнай сервистік қызметі негізінен үш ірі жер қойнауында шоғырландырылған - Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ.

Теңіз мұнай кен орны - әлемдегі алып мұнай кен орындарының бірі. Ол 1979 жылы ашылып, 1991жылы сәуір айында пайдалануға берілді.  Ал Қарашығанақ мұнай-газ конденсат кен орны - Орал қаласынан шығысқа қарай 150 км жерде орналасқан еліміздегі ірі мұнай-газ кен орны. Ол жерде өндірілетін ресурс еліміздегі барлық газдың 45% және мұнайдың 16% құрайды. Ал Қашаған болса, соңғы 40 жылда табылған әлемдегі ең ірі кен орындарының қатарына қосылды.

Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар Одағының Төралқа Төрағасы Рашид Жақсылықовтың сөзіне сүйінсек, Одақ үшін 2015 жылға қарағанда, 2016 жыл табысты болған көрінеді. Себебі мұнай саласын жандандыруға түрлі инвесторлар қомақты қаржы құя бастаған. Соның негізінде Қашаған іске қосылды. Енді міне Теңіз жер қойнауында үлкен 3-зауыттың құрылысы басталмақшы. Бұл ауқымды жоба 38 млрд. АҚШ долларын құрап отыр.

Айта кету керек, жобаның негізгі инвесторы Шеврон компаниясы. Дей тұра, ойлы адамды қыңжылтатын бір мәселе бар. Аталмыш компания теңіз жер қойнауын игеріп жатқан мұнай-газ саласындағы мамандарға сенімсіздік білдіріп, егер олар игере алмаса мемлекетпен келісіп 7 000-ға жуық адамды шетелден әкелу туралы келісімге қол қойып қойды. Баршаға белгілі жағдай бойынша, шетелдік қызметкерлер аз ақша үшін Қазақстанға келіп жұмыс істемейді. Олар кем дегенде 2 000, 3 000 доллар еңбекақы сұрайды. Ал бұндай жағдай орын алған уақытта жобаға бөлініп отырған қаржының көп пайызы сыртқа шығып кетеді деген сөз. Сондықтан аталған мәселені шешу үшін бүгінгі таңда Қазақстанның мұнай сервистік компаниялар Одағы мердігер компаниялармен келісіп, олардың да талабын талқылау бойынша белсенді жұмыс істеуде.

Теңіздегі Болашақ Кеңею Жобасы бойынша құрылыс жұмыстарының үлесі шамамен 7 млрд. долларды құрайды. Сол жөнінде ірі құрылыс тендерлері жарияланып, оларға жұмыстың күрделілігі мен ауқымды бағасы себебінен тек шетелдік мердігерлер шақырылған.  Одақ аталмыш барлық шетелдік мердігерлерді қазақстандық компаниялармен таныстыру мақсатында үлкен жұмыс жүргізді.

Айта кетейік, мұнай-газ саласындағы қызмет көрсету саласы негізінен үшке бөлінеді: біріншіден, жеңіл қызмет - сабын, қағаз жеткізу немесе мұнайшылардың тамағы және тағы да басқа қызметтер. Одан табатын пайда аз, 15-30 пайыз арасында.  Екіншіден, жеңілдігі орташа қызмет: инжиниринг, жобалау, құрылыс, тасымал сынды қызметтер. Қазір мұндағы отандық кәсіпорындардың үлесі 60 пайызға жуықтады. Әлемге танымал ірі компаниялармен бәсекеге түсіп, иық тіресе қызмет көрсетіп келе жатыр. Үшіншісі, жоғарғы саты, яғни, жоғары технологиялық қызмет көрсету. Бұл жерде табатын кіріс көзі 100-200 пайыз көлемінде. Нақтырақ айтсақ, Одақ мұнай сервис саласындағы барлық мәселелерге көңіл бөлуге тырысады.           

Қазақстанның мұнайсервистік компаниялары одағы 2011 жылы құрылған. Негізгі мақсаты саладағы күрмеулі мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін қазақстандық мұнай сервисі саласындағы барлық кәсіпорындарды біріктіру. Сонымен қатар отандық компанияларды ірі шетелдік және қазақстандық жобаларға қатыстыру мүмкіндіктерін жасау, осы бағытта кедергілерді жою, өз мүшелерінің құқықтарын қорғау болып табылады.

 

Соңғы жаңалықтар