Теннис: Александр Бублик Майами турнирінің төртінші айналымына шықты
А.Бублик үшінші айналымда дүниежүзілік рейтингте 104-орында тұрған аустралиялық Джеймс Даквортпен күш сынасты.
Бірінші партияда есеп 2:1 болған мезетте аустралиялық теннисші брейк жасай білді – 3:1. Дегенмен іле-шала А.Бублик таразы басын теңестірді – 3:3. Сосын тағы бір брейк жасап, өз геймін де алды – 5:3. Сетке доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4.
Екінші сетте Д.Дакворт брейкпен алға кетті – 3:0. Бұдан кейін қазақстандық теннисші қатарынан бес геймді алып, есепті 5:3-ке жеткізді. Сосын бірінші матчболын пайдалана білді – 6:4.
Бәсеке 1 сағат 23 минутқа созылды.
А.Бублик ширек финалға шығу үшін әлемнің 32-інші, осы доданың 22-ракеткасы Тейлор Фритцпен таласады. Ол үшінші айналымда ұлыбританиялық Кэмерон Норриді 6:4, 3:6, 6:1 есебімен тізе бүктірді.
Өткен аптада басталған Майами мастерс турнирі (жүлде қоры – 3,34 млн АҚШ доллары) 4 сәуірде мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Майамиде төртінші айналымға шыға алмағанын жазған болатынбыз.