Теннис: Андрей Голубев Мароккодағы турнирдің жартылай финалында

Қазақстандық теннисші франциялық Фабрис Мартенмен бірге ширек финалда марокколықтар Ламин Уахаб – Эллиот Беншетримен шеберлік байқасты.
Жарыстың 1-ракеткалары болып тіркелген А.Голубев пен Ф.Мартен қарсыластарын 6:3, 7:6 (7:4) есебімен ұтты. Бір сағаттан астам уақытқа созылған бәсекеде олар 6 эйс жасап, 6 брейк-пойнттың біреуін пайдалана алды.
Осылайша Марракеш додасының жартылай финалында жұптық сында қос қазақстандық ойнайды.
Александр Недовесов пен пәкстандық Айсам Куреши бразилиялық Рафаэль Матос – испаниялық Давид Вега-Эрнандеспен финалға шығу үшін таласады. Ал А.Голубев пен Ф.Мартеннің қарсыластары – италиялық Андреа Вавассори мен Польша өкілі Ян Зелински.
Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко Португалиядағы Оэйраш челленджер жарысында жекелей сында мажарстандық Жомбор Пироштан 5:7, 4:6 есебімен жеңіліс тауып, ширек финалға шыға алмай қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшілердің Мароккодағы жарыстың ширек финалына шыққанын, Елена Рыбакинаның АҚШ-тағы турнирдің үшінші айналымына өте алмағанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Аустралияға жол берді.
Александр Недовесов Мароккодағы турнирдің жартылай финалына шықты.