Теннис: Анна Данилина Қытайдағы турнирде ұтылып қалды

Жүлде қоры 250 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың бірінші айналымында Анна Данилина қытайлық Фанчжоу Люмен кездесті.
Қазақстандық теннисші осыған дейін рейтингте 355-сатыда болса, қарсыласы 250-орында еді. Екеуі де 1995 жылы дүниеге келген.
Ф.Лю негізгі турнирге арнайы шақырту алса, А.Данилина іріктеу сайыстарының жеңімпазы ретінде қосылған еді.
Іріктеу сайыстарында Анна алдымен рейтингте 733-орында тұрған қытайлық Шаншан Гуоны 7:5, 2:6, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Ал финалда іріктеу сайыстарының 6-ракеткасы болып тіркелген, рейтингте 286-орындағы Польша елінің өкілі Урсула Радваньсканы 5:7, 6:2, 6:3 есебімен ұтты.
Бірінші партияда брейк жасай білген қытайлық спортшы 6:3 есебімен жеңіске жетті.
Екінші сетте А.Данилина 6:2 есебімен есе қайырды.
Үшінші, шешуші партияда есеп 5:4 болып, қарсыласы доп берген мезетте қазақстандық теннисші қос бірдей матчболын пайдалана алмады. Содан кейін қытайлық брейк жасап, кездесуді жеңіспен түйіндеді – 7:5.
Тартысты матч 2 сағат 7 минутқа созылды.
Ф.Лю екінші айналымда осы турнирдің үшінші, әлемнің 53-ракеткасы, Польша елінің өкілі Магда Линетпен шеберлік байқасады.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 69-ракеткасы Елена Рыбакина осы турнирде ертең үндістандық Анкита Райнамен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Хиросима турнирін жеңіспен бастағанын, Юлия Путинцеваның әлемнің 3-ракеткасымен кездесетінін жазған болатынбыз.