Теннис: Бублик Аустриядағы турнирдің екінші айналымына шыға алмады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 54-ракеткасы Александр Бублик Аустриядағы Кицбюэль ATP турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Бублик Аустриядағы турнирдің екінші айналымына шыға алмады

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 118-орында тұрған, жарысқа іріктеу сайыстарынан кейін қосылған германиялық Янник Ханфманмен кездесті.

А.Бублик 1 сағат 13 минутқа созылған бәсекеде 5:7, 2:6 есебімен жеңіліс тапты. Бұдан бұрын ол АҚШ-тың ашық чемпионатында да бастапқы кездесуінде-ақ жеңіліп қалған болатын.

Я.Ханфманн жүлде қоры 400 мың АҚШ долларынан асатын доданың ширек финалына шығу үшін әлемнің 24-інші, осы турнирдің 4-ракеткасы, сербиялық Душан Лайовичпен таласады.

Кицбюэль турнирі 13 қыркүйекте мәреге жетеді.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 165-сатыдағы Дмитрий Попко Чехиядағы Простеёв челленджер жарысында бақ сынауда. Ол бірінші айналымда әлемнің 149-ракеткасы, германиялық Янник Маденді 3:6, 6:4, 6:1 есебімен ұтты. Д.Попко бүгін әлемнің 87-ракеткасы, италиялық Стефано Травальяны жеңе алса, ширек финалға шығады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Ыстанбұл турнирінде жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.