Теннис: Бублик Парижде 24 эйс жасап, мастерс турнирін жеңіспен бастады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 36-ракеткасы Александр Бублик Париж ATP 1000 турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
А.Бублик алғашқы айналымда әлемнің 24-ракеткасы, ұлыбританиялық Дэниел Эванспен күш сынасты. Бірінші партияда қазақстандық теннисшінің ойыны жүрмеді десе де болады – 2:6.
Есесіне А.Бублик екінші сетте күш алып кетті – 7:5.
Үшінші, шешуші партияда есеп 4:4 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасады. Әйтсе де матчқа доп бергенде, жиі қателесіп, қарсыласы таразы басын теңестірді. Дегенмен А.Бублик екінші рет мачтқа доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 7:5.
Тартысты өткен матч 2 сағат 15 минутқа созылды.
Бәсеке барысында А.Бублик 24 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың үшеуін пайдаланды. Қарсыласы 3 эйс, 3 брейкке (12 брейк-пойнт) қол жеткізді.
Осылайша А.Бублик өз спорттық жолында алғаш рет Париж мастерс турнирінің екінші айналымына шықты.
Ол жүлде қоры 2,6 млн еуродан асатын жарыстың үшінші айналымына шығу үшін әлемнің сегізінші, осы доданың 6-ракеткасы, норвегиялық Каспер Руудпен таласады.
Париж турнирі 7 қарашада мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Андрей Голубевтің жұптық сында әлемдік рейтингіде 28-орынға көтерілгенін, Елена Рыбакинаның өзінің үздік көрсеткішін қайталағанын жазған болатынбыз.