Теннис: Дмитрий Попко Аустралия чемпионатында іріктеу сайыстарының финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Дмитрий Попко Аустралия ашық чемпионаты іріктеу сайыстарының финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 184-орында тұрған Д.Попко іріктеу сайыстарының жартылай финалында әлемнің 197-ракеткасы, франциялық Энцо Кокомен кездесті.

Бұған дейін Аустралия ашық біріншілігінің іріктеу сайысын сәтті бастаған қазақстандық теннисші бірінші партияда басым түсті – 6:3.

Екінші сетте франциялық спортшы дәл сондай есеппен есе қайырды – 6:3.

Үшінші, шешуші партияда Д.Попко матчты өз пайдасына шеше білді – 6:3.

Тартысты бәсеке 1 сағат 53 минутқа созылды.

Д.Попко іріктеу сайыстарының финалында рейтингте 229-орындағы, 21 жастағы франциялық Эллиот Беншетримен шеберлік байқасады. Ол бүгін рейтингте 104-сатыда тұрған, іріктеу сайыстарының 4-ракеткасы болып тіркелген финляндиялық Эмил Руусувуориді 6:4, 0:6, 7:6 (10:3) есебімен ұтты.

Қазақстандық спортшы Э.Беншетриді жеңсе, 20 қаңтарда басталатын негізгі додаға жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Хобарт турнирінің жартылай финалына шыққанын, Аустралия ашық чемпионатында қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталғанын жазған болатынбыз.






Соңғы жаңалықтар