Теннис: Дмитрий Попко Португалиядағы турнирді сәтті бастады

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, әлемнің 159-ракеткасы Д.Попко жүлде қоры 45 мың еуродан асатын жарыстың алғашқы айналымында дүниежүзілік рейтингте 250-орында тұрған чехиялық Далибор Сврчинамен кездесті.
Екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты матчта қазақстандық спортшы 6:4, 3:6, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Д.Попко ширек финалға шығу үшін әлемнің 227-ракеткасы, мажарстандық Джомбор Пирошпен таласады.
Қазақстандықтар Денис Евсеев пен Тимофей Скатов алғашқы айналымнан аса алмады. Д.Евсеев мажарстандық Фабиан Марозжанға жол берді – 2:6, 3:6. Ал Т.Скатов тәжірибелі чехиялық Лукаш Росолдан ұтылды – 6:7 (5:7), 6:7 (5:7).
Аталмыш жарыс 10 сәуір күні мәреге жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның жас теннисшілері әлем чемпионатының іріктеу сайысында жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ қазақстандық қыздар әлем чемпионаты іріктеу сайысының ширек финалына шықты.