Теннис: Елена Рыбакина Бухарест турнирінің финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Елена Рыбакина Бухарест WTA турнирінің финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 106-орында тұрған, 20 жасар Е.Рыбакина жартылай финалда әлемнің 211-ракеткасы, италиялық Мартина Ди Джузеппемен кездесті.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші брейк жасап, алға шықты – 3:1. Бұдан кейін қарсыластар брейкпен алмасты – 4:2. Ақыры бұл сетті Рыбакина сәтті аяқтай білді – 6:3.

Екінші сетті қазақстандық теннисші бірден брейкпен бастады – 2:0. Тағы бір брейк – 3:0. Сосын ол есепті 5:1-ге жеткізді. Содан кейін матчты жеңіспен түйіндеді – 6:2.

Бәсеке бір сағаттан сәл астам уақытқа созылды.

Е.Рыбакина жүлде қоры 226 750 АҚШ долларына бағаланған жарыстың финалында румыниялық Патриция Мария Тигпен бас жүлдені сарапқа салады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Бухарест жарысының, А.Бубликтің Ньюпорт турнирінің жартылай финалына шыққанын, ал Андрей Голубев пен Александр Недовесовтің жұптық сында Нұр-Сұлтан додасының жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.




Соңғы жаңалықтар