Теннис: Қазақстандық қыздар әлем чемпионаты іріктеу сайысының ширек финалына шықты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан Bille Jean King Cup by BNP Paribas (әлем чемпионаты) іріктеу сайысының ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткендей, жарыстың екінші күні қазақстандықтар D тобында Вьетнам құрамасын ойсырата ұтты.

Бірінші болып Асылжан Арыстанбекова Нго Хонгпен шеберлік байқасты. Тоғызыншы геймде қазақстандық теннисші брейк жасап, сосын сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ – 6:4. Екінші сетте Асылжан қарсыласына бір ғана гейм ұстатты – 6:1.

Екінші матчта Айя Нұпбай Хунх Нгокты тас-талқан етіп жеңді – 6:0, 6:3.

Содан кейін А.Арыстанбекова Карина Жұмаджановамен бірге жұптық сында 1 сағат 45 минутта Нго Хонг пен Хунх Нгокты тізе бүктірді – 6:4, 4:6, 10:5.

Осылайша Вьетнам құрамасын 3:0 есебімен ұтқан қазақстандық қыздар мерзімінен бұрын іріктеу сайыстарының ширек финалына жолдама алды.

Ертең Қазақстан құрамасы Сингапурмен ойнайды. Бұл матч ел құрамасы үшін ештеңе шешпейді.

Ширек финал жеребесі ертең кешке тартылады. Финалдық кезеңге тек үш команда ғана жолдама алады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанның жас теннисшілері әлем чемпионатының іріктеу сайысында жеңіске жеткенін жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар