ТЕННИС: Қазақстандық Ю.Путинцева әлемнің оныншы ракеткасын жеңді

Vesti.kz сайтынан алынған мәліметке қарағанда, іріктеу сайыстарынан кейін негізгі жарысқа жолдама алған 20 жасар Ю.Путинцева бірінші айналымда әлемнің оныншы ракеткасы, неміс теннисшісі Андреа Петковичпен кездесті. Бірінші партияда 0:5 есебімен ұтылып жатқан корт иесі, осы турнирдің бірінші ракеткасы А.Петкович жарысты жалғастырудан бас тартты. Дүниежүзілік сатыда 105-інші орында тұрған Юлия осы уақыт ішінде үш брейк, бір эйс жасап үлгерді. Енді ол екінші айналымда голландиялық Кики Бертенспен шеберлік байқасады. Ал К.Бертенс бірінші кездесуінде тағы бір қазақстандық Ярослава Шведованы жеңіп кетті.
Қазақстанның бірінші ракеткасы, әлемдік рейтингте осы аптада қайтадан32-інші орынға көтерілген Зарина Дияс үшін Франция еліндегі Страсбург турнирі сәтті бола қоймады. Ол алғашқы айналымда әлемнің 46-ыншы ракеткасы, американдық Элисон Рискеден 5:7, 6:4, 1:6 есебімен үш партияда жеңіліс тапты. Биыл қаңтар айында Австралияның Хобарт турнирінде де Зарина осы теннисшіден ұтылған болатын. Сөйтіп ол есе қайыра алмады. Жылдың ең басты жарыстарының бірі саналатын «Роллан Гаррос» алдындағы бұл екі жарыстың да жүлде қоры 250 мың АҚШ доллары екенін еске сала кетейік.