Теннис: Кукушкин әлемдік рейтингіде төрт сатыға жоғарылады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық теннисші Михаил Кукушкин әлемдік рейтингіде төрт сатыға жоғарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Кукушкин әлемдік рейтингіде төрт сатыға жоғарылады

Кеше аяқталған Astana Open ATP 250 турнирінің ширек финалына дейін жеткен М.Кукушкин 91-ден 87-орынға көтерілді.

Осы жарыс жеңімпазы, аустралиялық Джон Миллман 45-тен 38-ге, финалисі, франциялық Адриан Маннарино 39-дан 36-ға, ширек финалда М.Кукушкинді ұтқан 21 жастағы фин спортшысы Эмил Руусувуори 98-ден бірден 84-сатыға жайғасты.

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик бұрынғы 49-орнында қалса, Дмитрий Попко 172-ден 173-ке сырғыды.

А.Бублик бүгін басталатын Париж мастерс турнирінде сәтті өнер көрсетсе, рейтингісін жақсартатындай мүмкіндігі бар. Ол алғашқы айналымда италиялық Лоренцо Сонегомен кездеседі. Л.Сонего Вена ATP 500 жарысында әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық Новак Джокович сынды қарсыластарын ұтып, финалда ресейлік Андрей Рублевқа қана жол берді. Сөйтіп ол рейтингте 42-ден бірден 32-орынға көтерілді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Astana Open турнирінің тұңғыш чемпиондары анықталғанын жазған болатынбыз.