16:50, 15 Наурыз 2021 | GMT +5
Теннис: Кукушкин Дубай турнирінің екінші айналымына шыға алмады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин Дубай ATP 500 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Негізгі додаға іріктеу сайыстарынан кейін қосылған, бүгін жаңартылған рейтингіде 96-да 104-орынға сырғып кеткен қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 39-ракеткасы, германиялық Ян-Леннард Штруффпен кездесті.
Бірден ойын тізгінін қолына алған неміс теннисшісі бірінші партияда 6:3 есебімен басым түсті. Ол екінші сетте де қос брейкпен алға кетті - 3:0. Бұдан кейін Кукушкин брейк жасағанымен, одан әріге шамасы жетпеді - 2:6.
Бәсеке 1 сағат 13 минутқа созылды.
Германиялық спортшы екінші айналымда әлемнің 12-ракеткасы, канадалық Денис Шаповаловпен шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын А.Бубликтің Дубай турнирінің екінші айналымына шыққанын , оның бүгін ATP чемпиондық кестесінде 9-орынға көтерілгенін жазған болатынбыз.