Теннис: Кукушкин Роттердам турнирінің екінші айналымына шықты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткасы Михаил Кукушкин Роттердам (Нидерланды) турнирінің алғашқы айналымында корт иесі Робин Хасемен күш сынасты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Р.Хасе дүниежүзілік рейтингте 54-орында болса, бүгін одан бір саты төмендеді. Ал қазақстандық теннисші 55-тен 53-ке жоғарылады немесе орындары алмасты деуге болады.

Бірінші партияда брейктер жасай білген М.Кукушкин сол басымдылығынан айырылмай, 6:2 есебімен жеңіске жетті.

Екінші сет әлдеқайда тартысты өрбіп, қарсыластар өз геймдерін алып отырды. Есеп 5:5 болған мезетте қазақстандық теннисші бірнеше брейк-пойнтты пайдалана алмады. Ақыры бұл партия тай-брейкке ұласты - 6:6. Мұнда барынша жинақы ойнаған М.Кукушкин 7:4 есебімен басым түсті.

Бәсеке 1 сағат 30 минутқа созылды.

Қазақстандық спортшы ширек финалға шығу үшін осы жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген, рейтингте 12-орындағы грекиялық Стефанос Циципас немесе босниялық, 56-сатыда тұрған Дамир Джумхурдың біреуімен таласады.

Әлемнің 7-ракеткасы, жапониялық Кей Нисикори бастаған мықты теннисшілер қатысып жатқан, жүлде қоры 2 млн АҚШ долларынан асатын Роттердем турнирі 17 ақпанда мәреге жетеді.

Тағы бір қазақстандық теннисші, рейтингте 321-сатыдағы Денис Евсеев Бангкок (Таиланд) қаласында өтіп жатқан челленджер турнирінің бірінші айналымында 238-орындағы франциялық Кальвин Эмериді 6:2, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Ол екінші айналымда германиялық Тобиас Камкемен (205-орын) шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкиннің Роттердам турниріндегі қарсыласы анықталғанын, 21 жасар Александр Бубликтің Будапешт турнирінің жеңімпазы атанып, рейтингте бірден 28 сатыға көтерілгенін жазған болатынбыз.

А.Бубликтің жеңісті жолын жалғастыратындай мүмкіндігі бар. Ол Францияның Шербур қаласында өтіп жатқан тағы бір челленджер жарысында бақ сынайды. Осы турнирдің 10-ракеткасы болып тіркелген Бублик бірден екінші айналымнан бастап, онда өзінен бір жас үлкендігі бар, рейтингте 226-орындағы чехиялық Зденек Колармен кортқа шығады.

Соңғы жаңалықтар