Теннис: Кукушкин US Open турнирінің екінші айналымына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Михаил Кукушкин US Open турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 129-орында тұрған М.Кукушкин алғашқы айналымда әлемнің 74-ракеткасы, испаниялық Пабло Андухармен күш сынасты.

Матчты қарқынды бастаған қазақстандық теннисші бастапқы екі сетті өз есебіне жазды – 6:3, 6:4.

Содан кейін испаниялық спортшы таразы басын өзіне бұрды – 6:4.

Төртінші партияда есеп 2:2 болған кезде Кукушкин брейк жасағанымен, Андухар сол бойда таразы басын теңестірді. Сосын сетті брейкпен бітірді – 6:4.

Бесінші, шешуші сетте испаниялық теннисші 4:1 есебімен алға кетті. Ақыры бәсекені тағы бір брейкпен тәмамдады – 6:2.

Аса тартысты өтіп, 4 сағат 15 минутқа созылған матчта Кукушкин 12 эйс жасап, 18 брейк-пойнттың тек төртеуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 10 эйспен қатар 6 брейкке (12 брейк-пойнт) қол жеткізді.

П.Андухар екінші айналымда әлемнің 115-ракеткасы, германиялық Филипп Кольшрайбермен кездеседі. Ол бірінші айналымда әлемнің 36-ракеткасы, US Open турнирінің 2014 жылғы жеңімпазы, хорватиялық Марин Чиличпен кортқа шықты. Есеп 6:7 (4:7), 6:7 (3:7), 6:2, 6:1, 2:0 болып, соңғы партияда Кольшрайбер алға кеткен мезетте хорватиялық спортшы бәсекені жалғастырудан бас тартты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Нью-Йоркта US Open турнирі басталатынын, Юлия Путинцеваның жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.

Елена Рыбакина US Open турнирін жеңіспен бастады.






Соңғы жаңалықтар