Теннис: Кукушкин жұптық сында «Ролан Гаррос» турнирін сәтті бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Михаил Кукушкин бельгиялық Йоран Флигенмен бірге жұптық сында «Ролан Гаррос» турнирін сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық-бельгиялық жұп алғашқы айналымда молдовалық Раду Албот пен тунистік Малик Жазиримен кездесті.

Кукушкин мен Флиген бірінші партияда 6:3 есебімен ұтса, екіншісінде дәл сондай есеппен есе жіберді. Дегенмен үшінші, шешуші сетте матч тағдырын шеше білді - 6:4.

Бәсеке екі сағаттан астам уақытқа созылды.

Кукушкин мен Флиген екінші айналымда уругвайлық Пабло Куэвас пен испаниялық Фелисиано Лопеспен шеберлік байқасады.

Әйелдер арасында румыниялық Кристина-Андреа Митумен жұптасқан қазақстандық Юлия Путинцева ресейлік Дарья Касаткина мен эстониялық Анетт Контавейттен 4:6, 1:6 есебімен жеңіліп, жарыс жолынан бірден шығып қалды.

Осылайша Қазақстанның бірінші, әлемнің 28-ракеткасы Ю.Путинцева үшін биылғы «Ролан Гаррос» сәтсіз болды. Ол жекелей сында да алғашқы айналымнан аса алмаған еді.

Тағы бір қазақстандық Галина Воскобоева ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге бастапқы кездесуін атақты аустралиялық Саманта Стосур мен қытайлық Шуай Чжанмен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын М.Кукушкин мен Елена Рыбакинаның алғашқы айналымнан аса алмағанын, Зарина Диястың жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар