Теннис: Кукушкин жұптық сында «Ролан Гаррос» турнирінің жартылай финалына шыға алмады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Михаил Кукушкин бельгиялық Йоран Флигенмен бірге жұптық сында «Ролан Гаррос» турнирінің жартылай финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақстандық-бельгиялық жұп ширек финалда осы жарыстың 3-ракеткалары, колумбиялықтар Хуан-Себастьян Кабаль мен Роберт Фарахпен күш сынасты.
Бірінші партияда қос бірдей брейк жасаған колумбиялық жұп 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Екінші сетте де колумбиялықтар есеп 3:2 болған мезетте брейк жасап кетті - 4:2. Олар тағы бір брейкпен ойынды түйіндеді - 6:2.
Кездесу бір сағаттан сәл астам уақытқа созылды.
М.Кукушкин жұптық сында өнер көрсетуге маманданған спортшы емес. Ол негізінен жекелей сында жарыстарға қатысады. Соған қарамастан, Й.Флигенмен жұп құрып, өз спорттық жолында алғаш рет «Үлкен дулыға» турнирінің ширек финалына дейін жетті. Мұны жақсы табыс деп есептеуге болады.
Алматыда ерлер арасындағы челленджер турнирі қазақстандықтар үшін сәтсіз басталды.
Рейтингте 615-орында тұрған Тимофей Скатов алғашқы айналымда әлемнің 323-ракеткасы, аргентиналық Андреа Колларинимен кездесті. 1 сағат 15 минутқа созылған матчта аргентиналық спортшы қарсыласын 6:3, 6:2 есебімен тізе бүктірді.
А.Колларини екінші айналымда осы турнирдің 8-ракеткасы болып тіркелген, рейтингте 189-сатыдағы Александр Недовесовпен шеберлік байқасады.
Тағы бір қазақстандық, 601-орындағы А.Голубев рейтингте 262-сатыда тұрған испаниялық Никола Кунмен кортқа шықты. Бірінші сетте Н.Кун 6:3 есебімен басымдылығын көрсетсе, А.Голубев екіншісінде есе қайыра алды - 6:2. Әйтсе де шешуші, үшінші сетте А.Голубевтің тіресуге шамасы жетпеді - 2:6. Тартысты бәсеке 2 сағат 16 минутқа созылды.
Қазақстанның тағы бір өкілі, дүниежүзілік рейтингте 308-орында тұрған Д.Евсеев алғашқы айналымда әлемнің 274-ракеткасы, швейцариялық Марк-Андреа Хюслерді сынап көрмек.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Кукушкиннің жұптық сында «Ролан Гаррос» турнирінің ширек финалына шыққанын, Алматыда ерлер арасында челленджер жарысы басталғанын жазған болатынбыз.