Теннис: Путинцева Гамбург турнирінде жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 43-ракеткасы Юлия Путинцева Гамбург (Германия) WTA турнирінің ширек финалына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы доданың 2-ракеткасы болып тіркелген Ю.Путинцева жарысты екінші айналымнан бастап, рейтингте 130-орында тұрған германиялық Андреа Петковичпен кездесті.

Бірінші партияда қос бірдей брейкке қол жеткізген корт иесі басымдылық көрсетті – 6:2.

Есесіне екінші сетте қазақстандық теннисші үш брейк жасады – 6:1.

Үшінші, шешуші партияда әуелі германиялық спортшы 2:0 есебімен алға шыққанымен, Ю.Путинцева таразы басын теңестіре алды. Есеп 3:3 болғаннан кейін қарсыластар брейкпен алмасты. Бұдан кейін тағы бір брейк жасаған германиялық теннисші матчқа доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:4.

Тартысты бәсеке 2 сағат 15 минутқа созылды.

А.Петкович жартылай финалға шығу үшін рейтингте 128-сатыдағы бельгиялық Исалин Бонавантюрмен таласады. Ол екінші айналымда әлемнің 74-ракеткасы, америкалық Бернарда Пераны 3:6, 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшінің елордада халықаралық турнирдің ширек финалына шыққанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ қазақстандық тағы бір теннисші Италиядағы турнирдің ширек финалына өтті.




Соңғы жаңалықтар