Теннис: Путинцева Уимблдон турнирінің үшінші айналымына шыға алмады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық Юлия Путинцева Уимблдон турнирінің екінші айналымында швейцариялық Виктория Голубичпен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жарыстың беташар матчында әлемнің 2-ракеткасы, жапониялық Наоми Осаканы жеңген Ю.Путинцева дүниежүзілік рейтингте 39-орында болса, қарсыласы 81-сатыда еді.

Осаканың осал тұсын тапқаннан кейін мамандар Ю.Путинцева бұл турнирде көпке барады деп болжаған. Алайда Голубичпен ойын басқаша өрбіді.

Бірінші партияда шеберлігін көрсеткен швейцариялық теннисші жеңіске жетті - 6:4.

Екінші сетте есеп 4:3 болған мезетте қазақстандық спортшы брейк жасай алды. Әйтсе де сетке доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмай, қарсыласының қайыра брейк жасауына мүмкіндік беріп қойды. Ақыры тартысты партия тай-брейкке ұласты. Мұнда да В.Голубич басымдылығын көрсете білді - 7:3.

Осылайша Уимблдонда әйелдер арасында жекелей сында Қазақстаннан ешкім қалмады.

В.Голубич үшінші айналымда әлемнің 28-ракеткасы, америкалық София Кенин немесе рейтингте 35-орындағы украиналық Даяна Ястремскаяның біреуімен шеберлік байқасады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Михаил Кукушкиннің Уимблдон турнирінің екінші айналымына шыққанын, Галина Воскобоеваның жарысты сәтті бастағанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар