Теннис: Путинцеваның Мадрид турниріндегі қарсыласы белгілі болды

Ю.Путинцева алғашқы айналымда румыниялық, әлемнің 96-ракеткасы Ирина Бегумен шеберлік байқасады.
Қазақстандық теннисші қарсыласын ұтқан жағдайда әлемнің 6-ракеткасы, украиналық Элина Свитолина немесе франциялық, рейтингте 69-орында тұрған Полин Пармантьенің біреуімен кездеседі.
Теннисшілер топырақ төсенішінде сынға түсетін, жүлде қоры 7 млн еуродан асатын Мадрид жарысы «Ролан Гаррос» турнирі алдындағы ең үлкен дода болып есептеледі. Сондықтан онда барынша табысты өнер көрсетудің маңызы зор.
Қазіргі кезде іріктеу сайыстары болып жатқан турнир 11 мамырда мәреге жетеді.
Өткен жылы чехиялық Петра Квитова бұл турнирдің жеңімпазы атанған болатын.
5-12 мамыр аралығында ерлер арасында өтетін Мадрид турниріне қатысушылар арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 40-ракеткасы Михаил Кукушкин бар.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Рабат турнирінің алғашқы айналымынан аса алмағанын, Зарина Диястың Жапониядағы жарыстың ширек, одан жартылай финалына шыққанын, тағы бір қазақстандық Елена Рыбакинаның әлемдік рейтингте бірден 27-орынға жоғарылағанын жазған болатынбыз.
Ал ерлер арасында Михаил Кукушкин Эшторил турнирінің алғашқы айналымынан өте алмай қалды.