Теннис: Рафаэль Надаль «Үлкен дулыға» турнирін 21-рет ұтып, рекорд жасады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Испаниялық Рафаэль Надаль ерлер арасында Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Дүниежүзілік рейтингте 5-орында тұрған Р.Надаль финалда әлемнің 2-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевпен бас жүлдені сарапқа салды.

Алғашқы екі партияда ресейлік теннисші әбжілдік танытты – 6:2, 7:6 (7:5). Алайда содан кейін испаниялық спортшы қатарынан үш сетте 6:4, 6:4, 7:5 есебімен басым түсіп, жеңісті жұлып алды.

Аса тартысты өткен матч 5 сағат 24 минутқа созылды.

Осылайша Р.Надаль 21-рет «Үлкен дулыға» турнирінің чемпионы атанып, рекордтық нәтижеге қол жеткізді.

Өткен жылы Аустралия ашық чемпионатының финалында ресейлік Д.Медведевті 7:5, 6:2, 6:2 есебімен ұтқан әлемнің 1-ракеткасы, сербиялық Новак Джокович үздік шыққан еді.

Әйтсе де биыл ол визаға байланысты жанжалдан кейін еліне қайтарылып, додаға қатыса алмаған болатын.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Анна Данилинаның Аустралия ашық чемпионатының финалында жеңіліп қалғанын жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар