Теннис: Заңғар Нұрланұлы Мажарстанда өткен турнирдің жеңімпазы атанды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Заңғар Нұрланұлы жасөспірімдер арасында жұптық сында Мажарстан астанасы Будапештте өткен Alfa Tl Cup TE турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Теннис: Заңғар Нұрланұлы Мажарстанда өткен турнирдің жеңімпазы атанды

Қазақстан теннис федерациясы мәлім еткеніндей, З.Нұрланұлы қытайлық Ли Янхонгпен бірге финалда мажарстандықтар Марсель Меццо – Ботонг Нагиді 6:4, 7:5 есебімен ұтты.

Қазақстанның жас жұлдызы жекелей сында да табысты өнер көрсетті. Заңғар финалда ғана осы жарыстың 2-ракеткасы, чехиялық Мартин Доскошилге 3:6, 3:6 есебімен есе жіберді.

Тағы бір қазақстандық, Ақтау теннис мектебінің түлегі Даниал Рахматуллаев Тбилисиде өткен ITF MZIURI CUP 2021 додасының финалына дейін жетті. Ол соңғы бәсекеде жарысның 4-ракеткасы, Беларусь өкілі Тихон Федоровтан ұтылды – 3:6, 1:6.

Сондай-ақ Қырғызстан астанасы Бішкекте жасөспірімдер арасында ITF J5 Bishkek Open 2 турнирі мәреге жетті. Мұнда қазақстандықтар Арсланбек Айтқұлов пен Александр Черномаз бір апта бұрын жұптық сында чемпион атанған жетістіктерін қайталай алмады. Олар бұл жолы ресейлік Павел Петров – америкалық Максимилиан Вуфлингтен айласын асыра алған жоқ – 1:6, 2:6.

Қыздар арасында Еркежан мен Асылжан Арыстанбековалар финалда тартысты бәсекеде ресейліктер Валерия Ивановская – Серафима Шастовадан жеңіліп қалды – 4:6, 6:7 (1:7).

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирі басталатынын, Елена Рыбакинаның жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Жібек Құламбаева Шымкент турнирінің чемпионы атанды.