Теннис: Зарина Дияс Чикаго турнирінде жеңіліп қалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Зарина Дияс Чикаго WTA 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүниежүзілік рейтингте 110-орында тұрған З.Дияс алғашқы айналымда әлемнің 57-інші, осы жарыстың 7-ракеткасы, франциялық Кристина Младеновичпен күш сынасты.

Бірінші сетте франциялық спортшы басымдылық көрсете білді – 6:2.

Тартысты өткен екінші партия барысында Зарина брейк-пойнттар ғана емес, сетболды да мүлт жіберді. Ақыры тай-брейкте К.Младенович жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:3).

2 сағат 12 минутқа созылған бәсекеде З.Дияс 3 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың екеуін ғана пайдаланды. Қарсыласы 2 эйске қоса 10 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды.

К.Младенович екінші айналымда рейтингте 361-сатыдағы канадалық Франсуа Абандамен шеберлік байқасады. Ол бастапқы кездесуінде әлемнің 65-ракеткасы, черногориялық Данка Ковиничті ұтып кетті.

Жүлде қоры 235 мың АҚШ долларынан асатын Чикаго додасы 30 тамызда мәреге жетеді. Бұл – «Үлкен дулыға» турнирінің бірі US Open алдындағы соңғы жарыс.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Чикагода негізгі турнирге жолдама алғанын, қазақстандық теннисшілердің әлемдік рейтингіде жоғары көтерілгенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар