Теннисші Александр Недовесов ұлттық құрамадағы мансабын аяқтады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның жұптық сындағы бірінші ракеткасы, 37 жастағы Александр Недовесов ұлттық құрамадағы мансабын аяқтады.

Дэвис кубогы бірінші әлемдік тобының Қазақстан — Пәкстан арасындағы плей-офф матчы кезінде А.Недовесовті салтанатты шығарып салу рәсімі болды.
Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев А.Недовесовтің елімізде осы спорт түрінің дамуына қосқан үлесі қомақты екендігін атап өтті.
Теннисшінің өзі ата-анасына, отбасына, федерацияға, командаластарына және жанкүйерлеріне ризашылығын білдірді.
— Алдымен мені өмір бойы қолдап келе жатқан ата-анам мен отбасыма алғысымды айтамын. Мен сіздерді өте жақсы көремін. Сондай-ақ Болат Өтемұратов бастаған Қазақстан теннис федерациясына ризамын. Мен соңыма қараған кезде ештеңеге өкінбейтін сәтке жеттім. Өз спорттық жолымда Қазақстан құрамасы сапында елеулі жеңістерге қол жеткіздім, ол сәттер ешқашан ұмытылмайды. Маған сеніп, қолдаған жанкүйерлеріме мың алғыс, — деді А.Недовесов.
Теннисші спорттық жолында 2024 жылы Париж Олимпиадасына қатысты. Командалық жарыста 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы атанды. Ал 2018 жылы Азиадада миксте үздік үштікке ілікті. Сонымен қатар жұптық сында үш мәрте ATP 250 турнирінің жеңімпазы болды.
Қазақстандық спортшы АТР рейтингісінде жекелей сында 2014 жылы 72-інші, ал өткен жылы жұптық сында 38-орынға көтерілді. Бұл оның үздік көрсеткіштері еді.
Александр Недовесов Қазақстан құрамасы сапында Дэвс кубогында 2014 жылы 5 сәуірде сырт алаңда Швейцариямен өткен ширек финалдық матчта алғашқы ойынын өткізді. Сол бәсекеде Андрей Голубевпен бірге 2008 жылғы Олимпиада чемпиондары Роджер Федерер мен Стэн Вавринканы ұтты. Дэвис кубогында Александр барлығы 28 бәсеке өткізсе, соның 22-сі жұптық сын еді.
Қазақстан теннис федерациясынан түскен мәліметке қарағанда, қазіргі кезде А.Недовесов жарақатынан емделуде. Қазақстан құрамасындағы мансабын толықтай аяқтаған ол биыл жекелеген жарыстарға қатысуы мүмкін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Дэвис кубогында Қазақстанның Пәкістан құрамасын ұтқанын жазған едік.