Теннисші Григорий Ломакин Үндістандағы турнирдің финалына дейін жетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық Григорий Ломакин жұптық сында Ахмедабад (Үндістан) ITF M25 турнирінің финалында ойнады.

григорий ломакин
Фото: ktf.kz

Қазақстандық теннисші америкалық Ник Чеппелмен бірге жарыс барысында үш кездесуін жеңіспен аяқтады.

Соның ішінде жартылай финалда Г.Ломакин — Н.Чеппелл доданың бірінші ракеткалары, жапониялықтар Рюки Мацуда — Рйотаро Тагучиді тізе бүктірді — 7:5, 6:3.

Қазақстандық-америкалық жұп соңғы бәсекеде үндістандық Адиль Калианпур — аустралиялық Коди Пирсонмен чемпиондық атақты сарапқа салды.

Бір сағат 44 минутқа созылған матч тартысты өтіп, үндістандық-аустралиялық дуэттің пайдасына шешілді — 6:3, 4:6, 16:14.

Тағы бір қазақстандық, 17 жастағы Әмір Омарханов германиялық Сидни Цикпен бірге Шарм-эль-Шейх (Мысыр) ITF M15 жарысының жартылай финалына дейін жетіп, онда Беларусь өкілі Эрик Арутюнян — грузиялық Саба Пурцеладзеге жол берді — 6:3, 3:6, 7:10.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Дмитрий Попконың Мексикадағы жарыстың 4-ракеткасын жеңіп, жартылай финалға шыққанын жазған едік.

Сондай-ақ Бейбіт Жұқаев Мексикадағы турнирдің жартылай финалында ойнайды. 

Соңғы жаңалықтар