Теннисші Новак Джокович Уимблдонда рекорд орнатты
АСТАНА. KAZINFORM – Сербиялық теннисші, «Үлкен дулыға» турнирінің 24 дүркін чемпионы, әлемнің 6-ракеткасы, 38 жастағы Новак Джокович Уимблдонда жекелей сында өзінің 14-інші жартылай финалына шықты.

Сербиялық спортшы бұл көрсеткіш жөнінен «Үлкен дулыға» жарыстарында 20 рет жеңімпаз атанған швейцариялық Роджер Федерерді басып озып, рекорд орнатты.
Р.Федерер өз спорттық жолында 13 рет Уимблдон додасының жартылай финалына өткен еді.
Н.Джокович ширек финалда әлемнің 24-ракеткасы, 23 жастағы италиялық Флавио Коболлиді тартысты матчта 6:7 (6:8), 6:2, 7:5, 6:4 есебімен тізе бүктірді.
Осыған дейін Уимблдонда жеті рет үздік шыққан сербиялық теннисші финалға өту үшін әлемдік рейтингтің көшбасшысы, тағы бір италиялық Янник Синнермен таласады.
Екінші жартылай финалда өткен жылғы жеңімпаз, әлемнің 2-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькарас пен рейтингіде 4-орындағы америкалық Тейлор Фрицпен кездеседі.
Әйелдер арасында жартылай финалда әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко мен рейтингіде 12-сатыдағы америкалық Аманда Анисимова, сондай-ақ поляк Ига Швентек (5) пен швейцариялық Белинда Бенчич (35) өзара шеберлік байқасады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Әмір Омархановтың жұптық сында Уимблдон турнирінің ширек финалына шыққанын жазған едік.